Жас домбырашылар жүлдемен оралды

b_600_290_16777215_00_images_images_2019_15_15-2019-3.jpgАудан орталығындағы өнер мектебінің домбырашылары Рудный, Лисаков қалаларында өткізілген байқаулардан жүлдемен оралды.


Аталмыш өнер мектебінің жас шәкірттері домбыраға ерекше ден қойып, оның қыр-сырын жетік меңгеріп келеді. Жас домбырашылар туралы мәліметтер, олардың жеке концерті жайлы мақалалар газетімізде жазылып та жүр. Білікті ұстаздар Арғынбек Бейібтхан мен Әлия Мәжиттің соңынан ерген жас домбырашылар қатары жыл сайын көбейіп келеді.
Иә, домбыра қазаққа ғана тән қасиет. Тұңғыш Президентіміз, Елбасы: «Домбыра – қазақтың ұлттық болмысын айқындайтын аспап. Бүгінде оны әлем мойындады. ЮНЕСКО-ның шешімімен домбыра мен күй адамзаттың материалдық емес, мәдени мұраларының тізіміне енді. Домбыра қазақтың жаны, рухы, тарихы, салт-дәстүрі бүкіл бітім-болмысы деп айтуға болады. Ол ұлы даланың төсінде ерте заманнан бері халқымызбен бірге жасап келе жатыр. Ол қазақтың бренді мен паспорты, ешкімге ұқсамайтын қайталанбас келбеті», - деген еді.
Жоғарыда атаған өнер мектебінің жас шәкірттері де Елбасы сөзіне үн қосып, өз шеберліктерін байқауларда сынап, жақсы көрсеткіштер көрсетіп жүр.
Рудный мен Лисаков қалаларында өткен конкурстардың мақсаты - өзара достық қарым-қатынас қалыптастыруына жол ашу, дарынды жастарға шығармашылық қолдау көрсету, патриоттық, азаматтық, мәдени-эстетикалық тәрбиелеу, дарындының даралығын насихаттау, қатысушылардың шығармашылық әрекеттерінің түрлері мен бағыттарын дәріптеу. Байқауға Рудный, Лисаков, Жетіқара, Қостанай қалалары мен Затобол, Қамысты, Федоровка, Таран аудандарындағы өнер мектептерінің оқушылары қатысты.
Рудный қаласында өткен «Көктем әуендері» атты аймақтық байқауға 12-16 жас аралығындағы оқушылар қатысып, 17 үміткер бақ сынады. Олар ұлттық аспаптарды орындау шеберлігі бойынша сайысқа түскен. Таран ауданы намысын қорғап барған Дильназ Балғабаева мен Мерей Оңайбекова халық композиторлары Қазанғап, Тәттімбет, А.Жұбановтың туындыларын жақсы деңгейде орындап, жүлделі 2-ші және 3-ші орындарды иеленді.
Ал, Лисаковск қаласындағы «Жас қанат» жас музыканттар ашық аймақтық байқауына 1 жас ерекшелік топ, яғни 7-10 жас аралағындағы оқушылар, 2 жас ерекшелік топ, яғни 11-13 жас аралығындағы оқушылар сайысқа түсті. Мұнда да аспапта орындау шеберліктері басты назарда болды. Сондай-ақ, фортепиано аспабының сүйемелдеуімен орындалатын шығармалар да көрсетілді. Бұл ретте концертмейстр Гавриленко Ирина Васильевна фортепиано аспабында домбырамен бірге сүйемелдеп, шығарманы әсем үйлесімділікпен көрсетіп шықты.
2 жас ерекшелік тобы бойынша Шолпан Утепова «Сылқым қыз», «Балдырғандар биі» шығармасын жақсы деңгейде ойнап, 3 орынды иеленсе, 1 жас ерекшелік тобынан Жанерке Аманбаева «Желдірме», «Қосбасар №1» шығармасын жақсы шеберлікпен ойнап, бас жүлдені жеңіп алды.
- Аудан әкімшілігіне, аудандық білім бөлімі мен өнер мектебінің басшыларына алғысымызды білдіреміз, балаларымыздың қуанышында шек жоқ! Біздің өнер мектебіміз үнемі өздернің өнердегі орнын дәледеп келеді. Қай байқаудан болмасын домбырашыларымыздың жүлдесіз қайтқаны болмады. Біз ауыл жастарның өнерлеріне сене отыра, соны ұштауға бар күшімізді саламыз. Ендігі мақсатымыз - республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, бақ сынау, - дейді ұстаз Әлия Мәжит.
Өнер бәсекесінде жұлдыздай жарқырап, аудан абыройын асқақтатқан бүлдіршіндердің алар асулары әлі алда.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане