Қаламға қанын құйып, жанын берген…

b_600_290_16777215_00_images_images_2020_25_25-2020_9.gifӨмір-дарияның толқындары сырғып аққан сайын, күні кеше ғана жаныңда жүрген жақсы аға-інінің бақи дүниеге мәңгі сапар шегіп, қатарының сиреуі – табиғи заңдылық тәрізді. Олардың арасында өзі өмірден өткенмен, тірлікте істеген жақсы істері жүрекке шуағын төгер мәңгі естелік болып қалатын асыл жандар болады. Солардың бірі – 56 жасқа аяқ басқан шағында өмірден өткен Теміржан Қалиұлы Шұңғырбай.


Алты Алаш өзіне ұлағатты ұстаз тұтқан Ахмет Байтұрсынұлы «Баспасөз – халықтың көзі, тілі һәм құлағы» деген екен. Аудандық баспасөзде белді редактор болған Теміржан Шұңғырбай бүгінде көзі тірі болса, 68 жасқа аяқ басар еді. Теміржан ағамыз мектеп бітіргеннен кейін Қостанай ауылшаруашылық институтына Зоотехник ғылымы мамандығы бойынша түсті. Әрі қарай, 1976 жылы институтты тәмамдағаннан кейін, Октябрьск ауданына жұмысқа орналасып, ұзақ уақыт бойы ауданның бас зоотехнигі болып жұмыс атқарған.
« Қай қызметте болса да, халықпен қоян-қолтық түсінісіп, жұмыс істейтін, жұртқа көмек көрсетуді өзіне парыз санайтын еді,»-деп еске алады замандастары. Ағамыздың жүрегінде өнерге деген махаббат болғандықтан, ол журналистика факультетіне оқуға түсіп, сол мамандықты тәмамдақ шыққан. Өз жұмысын жете меңгеруі, халықпен түсінісе еңбек етуінің арқасында, ол елге өзінің іскер маман екендігін таныта білді. Ананың сүті, атаның қанымен бойына сіңген, өзін қоршаған ортадан алған тәлім-тәрбиесі, әдептілік, көргендік, мейірімділік, мінез байлығы, тектілік Теміржан ағамыздың бойында жетіп артылатынын жұбайы Қарлыға Шұңғырбаевадан білдік. Қазақта «азаматтың құдай қосқан жары – жарты бақыты» деген қанатты сөз бар. Кезінде Мәшһүр Жүсіп Абай атамызға: «Құдайдың тұрағы – жүрегіңде, ал, жұмақ та, тозақ та – өз үйіңде, әйелің жақсы болса – жұмақ, жаман болса – тозақ» деген екен. Жары Қарлыға апайымыздың өзіне деген адал пейілі, ақыл-парасаты, Теміржан ағамыздың да парасатты азамат болып қалыптасуына оң әсерін тигізгені сөзсіз. Жаратқанның бергенін қанағат еткен олар қыздары Гаухарға жоғары білім берді, оны елінің саналы азаматы етіп тәрбиелей білді.
Теміржан Қалиұлының 2000 жылы аудандық «Шырақшам - Маяк» газетінде редактор болып жұмыс істегені баршаға мәлем. Осы сала да болсын, басқа да атқарған қызметтері үшін, қажырлы еңбегі үшін көптеген мақтау қағаздарымен, алғыс хаттармен бірнеше рет марапатталған.
-Ақын тірі, ешқашан өлмейді,
Жарық жұлдыз көгімдегі сөнбейді.
Жырларында мәңгі бақи өмір бар,
Шыным осы, сенбе, досым, сен мейлі,
- деп өзінің өлең шумақтарында жырлағандай, расыменде, ақын болсын, я болмаса жырау болсын, ешқашанда есімі елдің жадынан өшпек емес... «Еліммен мәңгі бірге шыбын жаным» атты өлеңінде нағыз елінің азаматы болғанын байқауға болады.
Тұла бойы тұңғышы, өмірінің шырағы Теміржан ағамыздың қызы Гаухар Шұңғырбаева қазіргі таңда әкесінің ізін жалғап, өнерге бір табан жақын десек болады. Фортепиано аспабында ойнағанда, тебіренген асқан әуеннің үнін, сол үннің сұлулығын сезінбеу мүмкін емес екені анық. Қазірде 3 баланың анасы Гаухар Теміржанқызы аудандық мәслихатта жұмыс атқарып жатыр. Әкесінің ізін жалғаған Гаухар, әкесінің өзіне берген тәлім-тәрбиесін, ақыл-кеңестерін ешқашан ұмытқан емес. Теміржан ағамыздың бейнесі ел есінде мәңгі сақталатыны хақ.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане