Тобылда Наурыз мейрамы кеңінен тойланды

b_600_290_16777215_00_images_images_2024_13_132024-12.jpg

Тобыл кенті мекенінің тұрғындары Ұлыстың ұлы күнін тойлаудың нағыз үлгісін көрсетті. Наурыз мейрамы кеңінен тойланды. Орталық алаңда 21 наурыз күні мерекелік іс-шара өтті. Наурыз мейрамына орай ауыл ортасында киіз үйлер тігіп, ұлттық салт-дәстүрді кеңінен насихаттады.
Ұлыстың ұлы күнін зор ілтипатпен қарсы алуды дәстүрге айналдырған тобылдықтар биылғы мейрамда теміржолшылар, жеке кәсіпкерлер, мектептер мен балабақша және Тобыл шекарашылары ұйымдастырған 4 киіз үй ұлттық сәнмен өрнектеліп, қонақтарға дастархан жайып, салт-дәстүр көрсетілді. Әрқайсысына мағыналы атау беріп, сыртын ою-өрнекпен, ал ішін асқа толтырған. Ұлттық тағам түрлері: бауырсақ, құрт-ірімшік, тамақтың кең түрі дастарханның сәнін келтірді. Ал, боз үйге кірген меймандарға наурыз-көже ұсынылды. Биылғы жылы өз бастамаларымен Наурыз мейрамына ақ боз үй тігіп, керемет өнерлерін көрсеткен Тобыл теміржол шекарашыларын ерекше айтып өтуге болады. Жылда осылай қолдаушылар көбейе берсе нұр үстіне нұр болар еді. Орталық алаңда сол сияқты мерекелік сауда, балаларға да ойындар ұйымдастырылып, алтыбақан орнатылып, жастар жағы кезек- кезек тербелді. Тобыл тұрғындары мен қонақтары «Думан» Мәдениет үйі ұйымдастырған мерекелік концерттік бағдарламаны, театрландырылған қойылымдарды тамашалады. Тобылдықтарды аудан әкімі Қ.Мыржақыпов құттықтады. Тобыл әкімі А.Есмағамбетов пен Теміржол басшысы А.Жүнісов әрдайым жақсы істің басында жүретін белсенді жандарды марапаттады. Ұлттық спорттық ойындар өтті. Жеңімпаздарға сыйлықтармен бірге қой табыстады. Наурыз мейрамын мерекелеуде тобылдықтар мен қонақтар керемет көңіл күйде болды. Жыл басы – Наурызды тойлауда елді мекеннің қарты мен баласы бірлесе барша сән-салтанатымен атап өтті.
Әз-Наурыз – ұлтымыздың болмысын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тәлім-тәрбиесін, руханиятын айшықтайтын мейрам. Биыл Мемлекет басшысының бастамасымен он күн бойы жаңа форматта тойланып жатқан Наурыз мейрамы көптің көңілінен шықты. Тобылдағы ағайынның ынтымағы көпке үлгі. Наурызды арқа-жарқа қарсы алған тұрғындар бір-біріне жылы лебіздерін арнады.Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған Наурыз мейрамы Тәуелсіз елімізге, туған жерімізге, әрбір отбасына ырыс-құт, молшылық пен тоқшылық әкелсін!


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане