«Ардагерді ұлықтау – ұрпақ парызы»

b_600_290_16777215_00_images_images_2019_26_26-2019-1-2.jpgЕл Тәуелсіздігімен бірге келген елеулі өзгерістердің бірі – тарихымызды таразылап, талантымен, іскерлігімен, еңбекқорлығымен талайды таңдай қақтырған тұлғаларымыздың есімдерінің ортамызға оралуы, ұрпақтар ұмытпайтындай игілікті істердің қолға алынуы болатын. Өткен жылы ғана Елбасы қабылдаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы сол игілікті істі одан әрі жандандырып ала кетті. Осы мақсатта біздің Таран өңірінде де өткенді ұлықтау мен ұмытпау, елеулі азаматтардың есімдерін кейінгі толқынның жадында мәңгі қалдыруда атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Өткен жылы қолға алынған аудан көлеміндегі әр елді мекеннің қалыптасуына, мәдени-рухани дамуына өзіндік үлестерін қосқан азаматтардың есімдеріне көше атауларын беруі, мектеп, мәденеит үйіне дара тұлғалар есімін беру соның бір айқын дәлелі.
Өткен сенбі күні Тобыл кентінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында болған тағы бір игі іске куә болдық.
Қазақстандық полиция күні қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагері, ҚР ІІМ еңбегі сіңген қызметкері, жерлесіміз Досымов Назар Әбенұлына мемориальды тақта орнатылды.
Назар Әбенұлы 1924 жылы 13-ші мамырда Асенкрит ауылдық округіне қарасты Қызылжар ауылында туған. 1942 жылы әскерге аттанды. Онда 14-ші оқу жаттығу бөлімінің командирі, 23-ші атқыштар полкы командирінің көмекшісі сияқты бірнеше жауапты қызметтерді атқарды. Соғыс аяқталып, аман-сау елге оралғаннан кейін 1947 жылы Ішкі Істер органдарына қызметке тұрды. Алғашқы қызметін Тобыл станциясындағы желілік полиция бөлімшесінде сержант шенімен бастады. 1960-62 жылдары Құшмұрын станциясындағы, 1962-64 жылдары Тобыл станциясындағы, 1964-67 жылдары Есіл станциясындағы, 1967-71 қайтадан Тобыл станциясындағы желілік полиция бөлімшесінің басшысы болды. 1971-76 жылдары Қостанай станциясында желілік бөлімі (бөлімше емес) басшысының орынбасары, 1976-85 жылдары Әуежай басшысының қауіпсіздік жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды.
Ішкі Істер саласында 38 жылдан астам уақыт қызмет жасап, 1985 жылы құрметті демалысына, яғни зейнетке шықты.
Ұлы Отан соғысының 2-ші дәрежелі орденімен, «Берлинді алғаны үшін», «Кавказды қорғағаны үшін» медальдарімен марапатталған.
1994 жылы 23-ші мамырда дүниеден озды. 5 баланы тәрбиелеп өсірді.
Назар Досымовқа арналған ескерткіш тақта Тобыл станциясындағы желілік полиция бөлімшесінің ғимаратына қойылды. Оған Тобыл кентінің ардагерлері, жергілікті билік өкілдері, желілік полиция ардагерлері мен қызметкерлері, Назар Досымовтың ұрпақтары қатысты.
Іс-шараны Қостанай станциясындағы желілік полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі А.Исин ашып, жүргізіп отырды. Аталмыш бөлім басшысының орынбасары, полиция подполковнигі С.Мурзамағамбетова Назар Досымовтың өмірі жайлы қысқаша баяндама жасады.
Мемориальді тақтаны ашу құрметі Ішкі Істер саласының ардагері Амангелді Ермеков пен Назар ағамыздың қызы Райхан Назаровнаға берілді.
Бұдан кейін Тобыл кентіндегі ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Жаворонков, темір жол саласының еңбек сіңірген қызметкері Н.Вакулин, Ішкі Істер органының ардагерлері А.Ермеков, С.Маженов, Назар Әбенұлының күйеубаласы, 92 жастағы Қапыш қария, Назар Әбенұлының інісінің балалары Жандарбек, Талғат Досымовтар естелік әңгімелер айтты.
Игілікті шараның соңында жиналғандарға ас беріліп, Назар ағамызға құран бағышталды.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане