- Подробности
-
Категория: Главное
-
Создано 01.08.2019 06:45
-
Автор: Балзина Атимтаева
-
Просмотров: 1531
Құрметті теміржолшы, ауданның Құрметті азаматы, Мұңайтбас ағамызды Тобыл кентінің теміржолшылары түгел таниды десем, асыра айтпаған болармын. Ғұмырының жарты ғасырын осы салаға арнаған тарлан теміржолшы қазіргі таңда зейнетте.
Қазыналы қарияға айналған ардагер теміржолшы аға келбетін көргенде, жаныңа жақын адамға жүрегің жылып, оның әлі күнге дейін саптан түспей келе жатқан қажыр-қайраты мен шексіз білімі еріксіз қайран қалдырады. Саналы ғұмырының ширек ғасырын болат жолға арнаған еңбек майталманы уақытында иық тіресе еңбек еткен әріптестері, бүгінде көнекөз ақсақалдармен, сала ардагерлерімен біте қайнаса араласады. Осы бір орта бойлы, сөзі мен ісі мығым, ойындағысын кесіп айтатын қазыналы қарияның ғибратты әңгімесін тыңдаудың өзі бір ғанибет дер едім. Қарапайым, азаматтық болмысы биік, жүзі жарқын ағамен сұхбаттасып қайттық.
- Мұңайтбас аға, сіздің осы болат жолға арнаған еңбек жолыңыз нешінші жылдардан басталды?
- Мен 1967 жылдан 2013 жылған дейін өзім адал еңбек еттім. Алғашында жол жұмысшысы болып жұмыс атқардым, одан кейін біздің жылдарда техникум дейтін, сол техникумды сырттай бөлімінде бітірдім. Кейіннен мені бригадир етіп тағайындады. Одан кейін 3 жыл көлемінде мастер болып жұмыс жасадым. Аға жол мастері болып жұмыс істегенімде, менің қарамағымда 3 станция болды, Аманқарағай, Қазанбасы, Апановка. 1983 жылы мені Тобылға ауыстырды, қаңтар айынан бастап жол бөліктері орынбасары етіп тағайындалдым. Міне, сол уақыттан бері осы Тобыл кентіндемін.
- Аға, сіздің ата-анаңыз теміржол саласына еңбек еткен жандар болды ма?
- Жоқ. Менің әкем де анам да теміржолда жұмыс жасамаған. Мен өзім ағаштың ішінде туып өскен баламын ғой. Әкем өрт сөндіруші болды. Қандай да бір жерден түтін шықса, әлі есімде, әкемде рация болатын, сонымен жедел хабарлап отыратын. Содан, осы саламен әкем зейнетке шықты. 1972 жылы әкем 82 жасында қайтты. Ал, анам марқұм жұмыс істемеген. Балалармен, үй шаруашылығымен отырды. Сиыр сауды, мал бақты дегендей..
- Сізді үлгі тұтып, жолыңызды жалғастырған балаларыңыз бен немерелеріңіз бар ма?
- 2 балам да менің ізімді жалғастырды десем, өтірік айтпағаным. 1 балам қазіргі
Қостанай бөлімшесінде кадр бөлімі басшысы болып жұмыс атқарып жатыр. Сол баламның баласы менің үлкен немерем болып келеді. Оны да 11 сынып бітіргеннен кейін теміржол көлеміне кіргіздім, байланыс сигнализациясына. Қазіргі таңда сонда жұмыс атқарып жатыр, 4 айлық курсқа барып келді. Қазір электр байланыс механигі болып істейді. 2-ші балам да теміржол бөлімінде бас инженер болып жұмыс істеді. Қазір ол ұлым Нұр-Сұлтан қаласында.
- Немере баладан да тәтті дейді ғой, қанша немереңіз бар?
- 2 ұлым, 2 келінім, Құдай берген 6 немерем бар. Келіндерім де теміржол саласында жұмыс атқарып жатыр.
- Аға, алда теміржолшылардың мерекесімен қоса, Тобыл кентінің де 80-жылдық мерейлі, төл мерекесін атап өтпек. Тілейтін тілектеріңіз болса, артыныңздан келе жатқан ұрпақтарға, жерлестеріңізге не тілейсіз?
- Ең бастысы, еліміз тыныш болсын. Қазіргі уақытта кентіміздің гүлденуіне жастарымыз көп үлестерін қосулары керек. Сондықтан, талмай еңбектеніп, Тобылымызды көркейтіп, әрі қарай гүлдене берсін демекпін. Барлығы келер ұрпақтың қолында екені сөзсіз. Барлық Тобыл кентінің тұрғындарын, оған қоса теміржолшыларды, әріптестерімді шын жүректен келе жатқан мерекелерімен құттықтаймын!
- Аға, мағыналы да мәнді сұхбатыңызға көп рақмет! Келе жатқан мерекеңізбен біз де Сізді құттықтай отыра, деніңізге саулық, отбасыңызға бақыт тілейміз! Барша Тобыл кентінің абыройлы ақсақалына айналған Мұңайтбас ағамызды осынау айтулы мерекемен құттықтағандар қатарында теміржолшылар қауымы көп екені айтпаса да түсінікті.