- Подробности
-
Категория: Главное
-
Создано 15.08.2019 07:24
-
Автор: Майра Дузбайкызы
-
Просмотров: 1333
Алланы бір, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарды хақ деп білетін мұсылман баласы үшін Жаратушымыз белгілеп берген екі мейрамның ұлығы - Құрбан айт күні тойланды. Алла тағаланың разылығы үшін мал шалынып, кең дастарқан жайылып, еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін шат-шадыман қуанышқа бөленетін бұл ұлық мейрам Қазақстан жұртшылығына да ырыс пен береке әкелсін!
Тобыл кентіндегі «Ажар» мешітінде мұсылман қауым жиналып, сағат 8-де айт намазы окылды. Айт намазынан кейін, алдын ала «Ажар» мешіті жамағатының ұйымдастыруымен спорттық іс-шара өтті. Зіл темір көтеруден Құрманғалив Арман бірінші орын алса, Қанат-екінші, Ағабек Бек- үшінші орынды иеленді. Орын алғандарға ақшалай сыйлық берілді. Сонымен бірге қол тіресіп, күш сынасты.
Құрбан шалудың әлеуметтік тұрғыдан да бірқатар пайдалары бар. Атап айтсақ, құрбандық шалу – қоғамда бауырластық, өзгеге көмек беру, жанқиярлық және ынтымақтастық сынды жақсы қасиеттердің пайда болуына және одан ары нығая түсуіне ықпал етеді. Сондай-ақ, қоғамда әділеттіліктің күшеюіне өзіндік септігін тигізеді. Әлеуметтік топтар арасындағы белгілі бір алшақтықтың жойылуына және әртүрлі деңгейдегі адамдардың бір-бірінің жағдайын білісіп, тұрмыс-тіршілігін жақыннан тануға және етене араласуына едәуір ықпал етеді.
Кедей, ет сатып ала алмайтын немесе қаражаты жетіңкіремей аз ғана мөлшерде ет алып жүрген адамдардың өмірінде құрбандықтың қаншалықты берекетті екендігіне көз жеткізу аса қиын емес. Құрбандық дәулетті кісіні мал-мүлкін Аллаһтың разылығына бөлену үшін беруге үйретеді. Қол ұшын созып, көмектесуге ынталандырады және өзгеге жәрдем беруден алған рахат сезімін ар-ұжданымен сезіндіреді. Осылайша, оны сараңдық дертінен, дүниелік мал-мүлікке деген тәуелділіктен құтқарады.
Құрбан шалу кедей-кепшіктердің бай кісілер арқылы Аллаһ Тағалаға шүкіршілік етуіне себепші болады. Кедей кісі құрбандық арқылы дүние нығметтерінің жер бетіндегі таралымы жайындағы орынсыз ойдан және өшпенділіктен өзін құтқарады. Сонымен қатар, өмір сүріп жатқан қоғам тарапынан өзінің еленіп-ескерілгендігін сезінеді.
Құрбан айт күндері Тобыл кентіндегі «Асаба» және «Жасмин» кафелерінде тобылдықтар ас берді. Сонымен қатар, құрбандық еттерінен бірнеше үйге таратылып, қайырымдылық жасалды.
Мұнымен қатар құрбанның бізге беймәлім көптеген пайдалары бар. Дегенмен, ғибадаттар пайдасынан бұрын, әуелі тек жаратқан Аллаһтың разылығы үшін ғана жасалуы қажет. Сондықтан, құрбандық шалу – түрлі өзіндік және қоғамдық пайдаларын бір шетке қойғанда, бірінші кезекте Аллаһтың разылығы көзделіп жасалатын ғибадат.
Ұзақ тарихи дәуірлер өте келе құрбан айт ұлттық мейрам санатына қосылып, адалдық, мейірімділік, қайырымдылық, ынтымақ көріністеріне айналды. Мың жарым жылға жуық уақыттан бері қазақ елі де бұл мейрамдарды аса зор қуанышты ықыласпен мерекелеп келеді.
Қасиетті Құрбан айт жүрегімізді қуанышқа бөлеп, барлық ақ ниетті істерімізді қолдасын, баршамызға мүбәрак болсын! Жаратқан Иеміз елімізге тыныштық, басымызға амандық, дінімізге беріктік берсін! Айт күнгі ізгі ниеттеріңіз бен шалған құрбандықтарыңызды Алла тағала қабыл етсін. Әрбір отбасына бақыт,береке қонғай! Көп ұлт пен ұлысты Отанымызға бірлік пен ынтымақ бергей! Жаратушы иеміз сүйікті Қазақстанымыздың мерейін үстем етіп, халқымыздың ауыз бірлігін арттыра бергей!