Көпұлтты отбасы - ұлтаралық татулықтың дәнекері

b_600_290_16777215_00_images_images_2020_17_17-2020_3.jpgҚазақта «Бірлік болмай, тірлік болмайды» деген ұлағатты ұғым бар. Халқымыздың қанға сіңген осы берік бірлігі, ұйымшылдығы өмірде жетістікке жетелейтін сияқты.
Соның бір мысалы - Аманжоловтар отбасы. Бұл отбасының отанасы Эльмира Кәрібаеваның ерекшелігі, әкесі қазақ болғанымен анасы түрік ұлтынан. Жеңісбек мырза мен Эльмира ханымның отау құрғандарына биыл 23 жыл толып отыр. Аманжоловтар отбасы-бір қыз, екі ұлды тәрбиелеп, ер жеткізіп отырған үлгілі отбасылардың бірі.
«Әкем – қазақ, анам – түрік. Біз - аралас қаннан дүниеге келген ұрпақпыз. Қазіргі таңда барлық аға-әпкелерім,сіңлілерім отбасылы. Ауданда тұрғанымызға 10 жылдың көлемі болды. Аралас қаннан туылғанымызбен, әкем қазақ болғандықтан, үйде қазақ халқының салт-дәстүрін үзбей тойлауға тырысамыз. Халқымыздың аса мән- маңыз беретін орны - дастарқан басы. Әркімнің шаңырағы үшін дастарқан басы - тәрбие мектебі. Тамақты бас қосып отырып, үй–іші болып ішеміз. Қонақ қабылдау да-игілікті дәстүріміздің бірі. Біздің үйден қонақ үзілмейді. Әрдайым дастарқан жайылып, ұлттық мейрамды бірге тойлатамыз. Отбасымызда «бұл біздің мереке емес, бізге таңсық, дінімізге жат» деген түсінік мүлдем жоқ. Анам қазақтың етін де асады, бауырсақ-шелпегін де дайындайды. Анамның тағамын келіндері де үйреніп алған»,- дейді Эльмира ханым.
Түрлі мәдениеттің бір-біріне игі ықпалы имандылық пен парасаттылық, тектілік пен зиялылық арқылы адамзат өркениеті ілгері басатыны анық.
«Ата-анамыз бізді кішкентайымыздан татуластыққа, келіссіз жағдайға әдеппен қарауды, ибалы болуға баулыды. Жанұямызда әр ұлтқа сыйластықпен қарау қалыптасқан. Әр кісіге ұлт тұрғысынан емес, бірінші кезекте оған адам ретінде қарауды үйретті. Менің ойымша, ол-қарым-қатынас жасаудың ең дұрыс жолы»,- дейді отанасы.
Ендеше, елімізде бейбіт өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің татулығы арта берсін. Қазақстанда тұратын барша ұлт арасындағы айнымас достыққа сызат түспесе екен, қазіргі таңдағы бейбіт тірлігіміз ұзағынан болсын деп тілейміз!


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане