- Подробности
-
Категория: Главное
-
Создано 14.07.2022 06:25
-
Автор: Super User
-
Просмотров: 2506
Сенбі күні еліміз бойынша жер-жерде Құрбан айт намазы оқылып, исі мұсылман қауымының қасиетті мерекесі бастау алды. Үш күн бойы күллі жер бетін мейірімге орап, қайырымдылықпен қауыштыратын қасиетті мереке Б.Майлин ауданында да өзіне жарасымды сән-салтанатымен имандылық думанына жалғасты.
Ерте тұрып, құлшылық ордасы «Әйет» мешітіне қарай ағылған жамағат иін тіресе сап түзеп, айт намазын оқумен бастады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің бір өсиетінде: «Біздің бұл күнде алғашқы атқаратын ісіміз – намаз оқу...», – деп атап көрсеткендей, қасиетті мереке құлшылықпен басталып, Бір Аллаға сыйынған жамағаттың тәкбірі мен дұғасына жалғасты.
Айт намазы алдында мешіт мінберіне аудандық мешттің бас имамы Ислам Хамзин шығып, жамағатты Құрбан айт мерекесімен құттықтап, ізгі лебізін жеткізді. Қасиетті мерекенің тарихын баяндап, тағылымын түсіндірді. Айт намазы соң батагөй жамағат Нұрғали Садықұлы арнайы бата берді. Бұдан кейін көпшілік арнайы мал шалынатын орындарға бер бұрып, дұға жасады.
Айтулы мереке келесі күні, яғни жексенбі күні мерекелік іс -шараларға, ұлттық спорттық ойындарға ұласты.
Жексенбі күні мешіт ауласына жиналған жамағат аз болған жоқ. Қауышқан құшақтар мен бір-бірін құттықтап, қауқылдасқан қуанышты жандар мерекенің көркі болды. Ән мен терме айтылды. Ересектер мен балалар асық атып, қазақ күресінен бақ сынасса, әжелер, қыз-келіншектер жүн түту, жіп иіру, мата тігуден сайысқа түсті. Жеңімпаздар «Әйет» мешітінің арнайы дипломымен марапатталды. Мереке барысында балаларға «Құрбан айт қабыл болсын!» деген арнайы жазуы бар тәттілер толтырылған корапшалар таратылды. Құрбан айт мерекесінің соңында Сағынтай Түгелбаев, Алмат, Нұрымжан Айтуғановтар жамағатқа арнайы дастархан жайып, айттық дәмнен ауыз тигізді.
Жалпы аудан бойынша 7 астам ірі қара және ұсақ бірнеше мал құрбандыққа шалынды. Құрбандыққа шалынған малдың еттері қайрымдылық ретінде үлестірілді.