- Подробности
-
Категория: №46 (10366) от 15 ноября 2018 года
-
Создано 15.11.2018 06:23
-
Автор: Жанар Қасымова
-
Просмотров: 5377
Өткен аптада мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мен оны дамыту, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру, сондай-ақ ұлттық педагогика принциптерін қалыптастыру мақсатымен аудандық «Қазақ тілінің үздік мұғалімі» байқауы өтті.
Аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен өткен аталмыш байқау білім беру мекемелеріндегі қазақ тілі пәніне деген ықылас-ынтаны жандандыруға, мұғалімдердің әдістемелік сауаттылығын арттыруға, қазақ тілін оқытудың алгоритмдік әдістерін қалыптастыруға септігін тигізетіні хақ. Қазақ тілі пәнінің мұғалімдері арасында өткен байқаудың шарты бойынша бірінші айналымда үміткерлердің портфолиосы қаралды, ал екінші айналымда іріктелген педагогтар бас қосып, ең үздік ұстаз екендіктерін дәлелдеуге барынша тырысты.
Екінші айналымның бірінші кезеңінде бес мұғалім де ашық сабақтарын көрсетсе, «Хобби клуб» атты кезеңде өздерін басқа қырынан танытты, ал үшінші кезеңде «Білім саласын арттырудағы мұғалімнің жұмыс жүйесі» тақырыбындағы презентацияларын ұсынды. «Байқау барысында біз олардың тақырыптың толық ашылуына мән беріп, шығармашылық және дәйектілік, өзіндік ой қорыта алуын бағалаумен қатар, әдіс-тәсілдердің оңтайлылығына, тиімділігі мен әртүрлілігіне, жұмыс сапасының жоғары болуына ерекше көңіл бөлдік», - дейді білім беру бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісінің орынбасары Ырсалды Жармұхамбетова. Нәтижесінде қазақ тілінің үздік мұғалімі болып Тобыл орта мектебінің мұғалімі Жанагүл Назарбаева танылды. С.Ерғалиев атындағы мектептің мұғалімі Жұман Досмұхамбетова қанжығасына екінші орынды, Красносельск мектебінің жас мұғалімі Күнсұлу Баймағамбетова жүлделі үшінші орынды байлады. Сынға түскен қазақ тілі пәнінің мұғалімдері Роза Егізбекова мен Әсел Испустинова номинация иелері атанып, салтанатты түрде марапатталды. Облыстық деңгейде өтетін байқауға қараша айында жеңімпаз мұғалім барады деп күтілуде. Сізге сәттілік пен жеңіс тілейміз!