- Подробности
-
Категория: №6 (10326) от 8 февраля 2018 года
-
Создано 08.02.2018 06:32
-
Просмотров: 3583
Өткен аптада «Білім-инновация» Республикалық қоғамдық қоры тарапынан жыл сайын өткізілетін «Жарқын болашақ» олимпиадасы өтті. Биыл қазақ тілді және қазақ тілді емес 7-11 сынып оқушыларының қатысуымен өткен білім додасының нәтижесі қандай?
«Тілші-әдебиетшілер», «Жас ғалымдар», «Жазушылар», «Сөз шеберлері», «Әнші бұлбұлдар» бағыттарын қамтыған олимпиадаға ауданымыздың 99 оқушысы қатысты. Қазақ тілін ана тілі және шет тілі ретінде меңгерген оқушылардың қазақ тілі мен әдебиетінен білімін бағалау сайысы екі бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде «Тілші-әдебиетшілер» қазақ тілі пәнінен құрастырылған тапсырмаларға жауап берсе, екінші бөлімде қазақ әдебиеті пәнінен тест сұрақтарына дұрыс жауап іздеді. Нәтижесінде Новоильин орта мектебінің оқушысы Назерке Бауыржан мен Май оқу мекемесінің оқушысы Ирина Вагнер алдыңғы қатардан көрінді. Қойылған талап бойынша қазақ тілі (әдебиеті, тарихы, мәдениеті), Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері, Қазақстандағы және басқа елдердегі ұлтаралық, дінаралық этносаралық келісімнің маңыздылығы, бірлік пен татулық, ерлік пен батырлық, руханият, әдептілік қағидалары, зиянды әдеттер және т.б. тақырыптардың бірін таңдап, берілген уақыт ішінде эссе жазуы тиіс жазушылардың шығармашылық қабілетін бағалау да оңай болған жоқ. Десек те, №1 орта мектептің оқушысы Эльенора Әбдірахманова және Таран орта мектебінің оқушысы Диана Оттингер қалам ұстаған жас жазушыларды озып, жеңіс тұғырынан көрінді.
Бір күнге созылған олимпиадада ғылыми жобасын қорғап, 1-орыннның иегері атанған Набережный білім ордасының оқушысы Аймереке Көпжасарованың бабы шапты. Бір шығарманы немесе шығармадан үзіндіні (прозалық немесе поэзиялық) жатқа мәнерлеп оқығандардың бар жауапкершілікпен дайындалғандары бірден көзге түсті. Алайда, қазылар алқасы 1-орынды №1 орта мектептің оқушысы Оразкүл Абусахитке және орыс ұлтының өкілі Валентина Антроповаға бергенді жөн көрді. Набережный орта мектебінің оқушысы Асия Қуанышова, Притобольск негізгі мектебінің оқушысы Никита Кротов «Әнші-бұлбұлдар» номинациясының жеңімпазы атанды. Ағымдағы айдың 24-ші жұлдызында ауданымыздың намысын қорғайтын тоғыз оқушыға сәттілік тілейміз!