- Подробности
-
Категория: №12 (10332) от 20 марта 2018 года
-
Создано 20.03.2018 06:23
-
Просмотров: 4977
Наурыздың 16-шы жұлдызында жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен ҚР Елордасы Астананың 20 – жылдығына арналған «Жас Тұлпар» атты мектеп оқушылары арасында айтыс өткізілді.
Ақындар айтысының маңызын академик-жазушы М.Әуезов: «Айтыс – сөз барымтасы» деген сөзбен ерекше бағалаған. Сөз барымтасы, сөз таласы, сөз майданы болып саналатын айтысты өткізу айтыс тұлғаларының ізін өшірмей, осы өнер жолына қадам басқан жастарға дем беруге ықпалын тигізетіні сөзсіз. Әрине, тыңдармандардың құлақ құрышын қандырып, көңілдерін желпіндіріп отыру үшін жас ақындарға да, ұстаздарына да көп еңбек ету керек.
Халқымен қайта қауышқан өнер ауданымыздың үміт күттіретін алты оқушысының басын қосты. Новоильин орта мектебінің қабырғасында өткен айтулы шарада бұл өнерге әбден сусап қалған үлкеннің де, кішінің де қарасы мол болғаны қуантты. Сөздерінің басым бөлігі жаттаңқы болса да, мүмкіндігінше, жауап қайтарудан жасқанбаған балалар бірінен-бірі кем түспеуге барынша тырысты. Бұл жерде танымал ақындар болмаса да, ұйымдастырушылар мен әділқазылар да, ауылдықтар да әрқайсысына жігер беріп отырды. Нәтижесінде, Новольин мектебінің 10-сынып оқушысы Әсет Еркебұлан бас жүлдені жеңіп алып, облыстық ақындар айтысына жолдама алды. Осы күні бағы жанған тобылдық Ратбек Бекзат 1-орынға ғана емес, өнер десе ішкен асын жерге қоятын Серікбай Қадамбаевтың арнайы ақшалай сыйлығына да ие болды. Өзге қатысушылар да құр қол кетпей, салтанатты түрде мадақтамалармен марапатталды.