- Подробности
-
Категория: №14 (10334) от 5 апреля 2018 года
-
Создано 05.04.2018 06:41
-
Просмотров: 4094
Өткен аптада Қазақстан халқы әлеуметтік желілер арқылы да, қаралы митингтерге шығып та Кемерово қаласындағы қайғылы оқиғаға қатысты көңіл айтты. Тарандықтар да сәрсенбі күні қайғы-қасіретке ортақтастығын білдірді.
Қаралы митингке жиналған қалың жұрт біраз уақыт үнсіз тұрды. Қолдарына ақ шар алып келген жандар марқұмдардың құрметіне бір уақытта аспанға әлгі шарларын ұшырды. Жанарына жас алып, ресейліктердің қайғыларына ортақтасқандардың бірі Бибігүл Сандығұлова: «Бейбіт күнде сәбилердің ажал құшуы – орны толмас қасірет. Қыршынынан қиылған балаларды көзіме елестетсем... Қаншама адамның қабырғасын қақыратқанын ойласам...», - дей келе, қалың ойға шомылып кетті. Ажал айтып келмейді. Қарсы келер шара бар ма?!...
Естеріңізге сала кетейік, Ресейдің Кемерово қаласында болған жойқын өрттен 64 адам көз жұмды. Қызыл жалын 25 наурызда тұтанып, 26 наурыз күні толық сөндірілді. Qazaqstan телеарнасының ақпаратына сүйенсек, «Зимняя вишня» сауда орталығында басталған өрттің тез тарағаны соншалық, құтқарушылар келгенше, тілсіз жау ғимараттың біраз бөлігіне тарап үлгерген. Куәгерлердің айтуынша, өрттен сақтандыру дабылдары жұмыс істемеген, тіпті, сауда кешенінде жарық өшіп қалған. Тергеу комитетінің хабарлауынша, өрт шыққан кезде орталықтың төтенше жағдайларға арналған қосалқы есіктері жабық болғанға ұқсайды. Орталық қызметкерлері тілсіз жаудың қоршауында қалған жандарды құтқаруға қауқары жетпей, өздері бас сауғалаған. Өкінішке орай, улы түтінге тұншығып, қайтыс болғандардың арасында балалар көп. Нақтырақ айтсақ, беймезгіл өлім құшқан жандардың арасында 43 бала бар. 25-наурыз – Ресей тарихына қаралы жексенбі болып енді.
«Сақтансаң, сақтайды» дейді қазақ. Айтып келмейтін апаттан қорғанудың жалғыз жолы – қауіпсіздік қағидаларын мұқият орындау. Теңге түгенделер, шығын өтелер, бірақ кісі өмірінің орны толмайтынын ұмытпайық.