- Подробности
-
Категория: №14 (10334) от 5 апреля 2018 года
-
Создано 05.04.2018 06:51
-
Просмотров: 4307
Наурыз айында қаңғыбас иттерді аулау іс-шарасы өтті. Бұл өте қатігез шара болғанымен, мал дәрігерлік қызметкерлері оны жүргізуге еріксіз мәжбүр болып отыр.
«Ветеринария» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынының мәліметіне сүйенсек, көше кезіп жүретін иттерді аулау үшін былтыр 1 млн. 700 мың теңгеден астам, биыл 1 млн. 600 мың теңгеден астам қаржы бөлінген екен. Айта кетейік, көшеде жүрген төртаяқтыларды оқ емес, дәрімен атуға рұқсат етілген. Ал, арнайы ұйықтататын дәрілер жыл сайын қымбаттауда.
Жылына екі рет өтетін аталмыш шара ауданның барлық ауылдық округтерін қамтиды. Сала мамандарының сөзіне қарағанда, қаңғыбас иттер Таран, Тобыл, Асенкрит елді-мекендерінде көп шоғырланған көрінеді. Бекітілген жоспар бойынша мал дәрігерлері наурызда үш жүз, қарашада тағы да үш жүз итті атып, соңынан кремация пешінде өртеу үшін аудан орталығына жеткізеді. Бірақ, тұрғындардың шағымының негізінде қажет болса, жоспардан тыс ит аулау шарасы жүргізілуі әбден мүмкін.
Қазақ халқы «ит - жеті қазынаның бірі» дейді. Дегенмен, көше торыған қаңғыбас иттер түрлі жұқпалы аурудың ошағы ғана емес, мектепке баратын оқушыларға да қауіпті. Ветеринария қызметкерлері осыны ескере отырып, әлгі иесіз иттердің көзін толығымен жойып жібермесе де, санын біраз азайтуға күш салуда. Айта кетейік, Сіздің итіңіздің қарғыбауы болса, төртаяқтыларды аулау барысында оған қауіп төнбейді.