- Подробности
-
Категория: №16 (10336) от 19 апреля 2018 года
-
Создано 18.04.2018 13:52
-
Просмотров: 4555
Тәрбие мен білімнің негізі балабақшадан бастау алады. Себебі, балабақша баланы азамат етіп қалыптастырудың алғашқы қоғамдық баспалдағы іспеттес. 1978 жылдан бері мектепке дейінгі жастағы баланы дамыту бағдарламасын ұстана отырып, баланы оқытып, ой-өрісін дамытуға негізделген аудан орталығындағы балабақшаның ардагер тәрбиешілері аз емес. Олардың әрқайсысы газет бетіне шығаруға тұрарлық кісілер екені сөзсіз. Ұзақ жылдар бойы бүлдіршіндермен жұмыс істеп, олардың ата-аналарымен жақсы қарым-қатынаста бола білген Қатима Ермағамбетова да құрметке лайық тәрбиеші екенін көпшілік біледі.
Жас сәбидің санасының, дүниетанымының қарқынды дамитын қайталанбас мезеті, ең құнды кезеңі балабақшада өтеді. Әсерленгіш, еліктегіш бала болған шағыңызда Сіз де тәрбиешілерді екінші анаңыздай көріп, оған жақын жүргіңіз келген де шығар. Бүгінде есейген, ел азаматы болған тарандықтар да аудандық балабақшаны еске ала отырып, Қатима Бекмағамбетқызының балалар арасында беделі зор болғандығын алға тартады. Бұл кісіні сол кездегі балалар «Қатима апай» деп атаған көрінеді. Жітіқара өңірінің мектебін тәмамдаған Қатима Ермағамбетова ауданымызға қоныс аударып, жергілікті оқу мекемесінің мұғалімі қызметін атқарады. Арнайы білім алған соң, ол жиырма жылдан астам дүкенде жұмыс істепті. Содан 1991-жылы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін балабақшаға жұмысқа орналасқан екен. «Үлкен апам да Қызылорданың педагогикалық училищесінде білім алып, зейнеткерлікке шыққанға дейін осы салада еңбек етті. Мен де кішкентай кезімде мұғалім болуды армандайтынмын. Марқұм Кенжеғали ағай «Қазақша топ ашқалы отырмыз» деген-ді. Сөйтіп, осы Таран, Красносельск ауылдарының балабақшаларындағы орыс топтарына қазақ тілінен сабақ бере бастадым. Бірнеше жылдан кейін қазақ тобы ашылғанда тәрбиеші қызметіне ауысқаныммен, әрі қарай сабақ беріп жүрдім. Ол кездері әдістемелік құралдар да болған жоқ-ты. Мен Лисаков пен Рудный балабақшаларына барып, түрлі курстардан өтіп, орыс топтарының тәрбиешілерінің материалдарын қазақ тіліне аударып, үйренген кездерім де болды. Ұжымымыздағы білікті, білімқұмар, пысық қыздар да тәжірибелерімен бөлісуден аянбады. Есігіміз қатар бір жақсы тәрбиеші, әрі көршім болатын. Кешкі уақыт болса да, «тетя Женя, помогите» деп баратынмын. «Жақсы адамның жақсылығын айт» дегендей, шыны керек, сол кісі де мені көп нәрсеге үйретті», - дейді сол кезді еске алған Қатима апай.
Баламен бала, данамен дана болатын бұл кісінің таныстарының айтуынша, ол балалармен тез тіл табысып кететін. Қазақтың салты бойынша 22-наурызда да, айтта да ылғи жеті нан пісіріп, ата-аналарды, үлкен кісілерді шақырып, ақ дастарқан жаятын. Әрі педагог, әрі психолог бола білген Қатима Ермағамбетова қамқорлығындағы екі-алты жас аралығындағы балалардың зейінін, қарым-қатынас жасау дағдысын, эстетикалық және этикалық қасиеттерін дамытуға бағытталған ойындарға аса мән беретінін айтады. Сөйлеген сөзі мәнді, салмақты, байыппен сөйлейтін апайымызды жүйрік уақыттың ұшқыр қанаты 71 жасқа да алып жетіпті. Өткен күннің елесі артта қалар, тіршіліктің кемесі жылжи берер. Қарттық жас емес, қазына жасқа жеткен Қатима Бекмағамбетқызына осылайша ұрпаққа үлгі болар абзал жан ретінде сыйлы болып жүруіне тілектеспіз. Еңбегіңіздің жемісін көріп, жүре беріңіз.