- Подробности
-
Категория: №17 (10337) от 26 апреля 2018 года
-
Создано 26.04.2018 06:47
-
Просмотров: 5702
Елімізде жүз отыздан астам ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Барлық ұлттың өзіне тән салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, мәдениеті бар. Екі ұлттың өкілінің шаңырақ көтеріп, интернационалды отбасы құруы да қоғамымызда жиі кездесетіні қалыпты жағдай десек, артық айтқанымыз болмас. Діні мен тілі түрлі болғанымен, жұптары жазылмай, бақытты ғұмыр кешіп жүрген Иващенко жұбы жайлы сөз қозғамақпыз.
Александр Иващенко мен Рыскүл Мусина осыдан сегіз жыл бұрын танысқан екен. Қазақ мектебін тәмамдаған, қазақы жанұяда туып-өскен Рыскүлдің айтуынша, оның Александрмен тілдесіп, жүздесіп жүргеніне туған-туысқандары қарсы болған емес. Себебі, әртүрлі ұлт өкілдерінің арасындағы достық қарым-қатынастың дамуы мемлекет саясатының құрамдас бөлігі болып табылатындықтан, қоршаған ортаға да бұл ерсі көрінген жоқ. «Халқымыз қашан да бірлік пен татулыққа ерекше мән беріп, оны тірліктің тұтқасы, өмірдің өзегі ретінде бағзы заманнан бағалап келген. Отбасындағы береке негізі өзара түсінушілік деп білеміз. Осы күнге дейін Александрмен отасқаныма ешқашан өкінгенім жоқ. Қайта оны кезіктіргеніме қуанамын. Тұрмысқа шыққанымда да ойланбастан жолдасымның тегін алдым. Христиан және мұсылман діндерінің ортақ тұстары көп, бәріміз де бір Құдайға табынамыз ғой. Екі діннің де рәсімдері мен жоралғыларын ұстанып, айтты да, пасханы да атап өтеміз. Шынымды айтсам, Александр қазақ ұлтының тағамдарын, әсіресе, бесбармақты қатты ұнатады», - дейді Рыскүл Иващенко.
Александрдың жақындары да оның қазақ қызына үйленуіне қарсы болған емес. Керісінше, Рыскүлді жылы қабылдап, оны құшақ жая қарсы алыпты. Келіндерін ренжітпей, білгендерін үйретуден жалыққан емес. Биыл ғана шаңырақ көтерген жас отбасыға қолдау көрсетіп, ошағының отының мәңгі жануын тілеп жүреді. «Отбасы тірегі – әке, жүрегі – ана, тілегі – бала» емес пе? Өмір теңізіндегі жұбайлар мінген бақыт кемесінен сәбидің іңгәлаған дауысы естілсе, арман бар ма, шіркін?! Алла жазса, бақытты да, үлгілі жанұя құра білген Александр мен Рыскүл жақын арада сәбилі болады.Айтарымыз, бақыт таңының нұры аппақ отауларыңызды үнемі алтын сәулеге малындырып, сіздерге ұдайы құдіретті қуат беруші ғажайып күшке айналсын. Александр мен Рыскүл Иващенконың алдағы жұбайылық ғұмырлары көптің сеніміне жарықшақ түсірместей, жарқын да, нық, нұрлы да, мағыналы түрде өмір сүруді нәсіп етсін!