- Подробности
-
Категория: №18 (10338) от 4 мая 2018 года
-
Создано 04.05.2018 06:22
-
Просмотров: 3017
Отан қорғаушылар күнінің қарсаңында Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы Жәдігер Негмеджановпен сұхбаттастық.
- Жәдігер Әлімбайұлы, қазақстандық әскер жиырма алты жылдың ішінде қандай өзгерістерге ұшырады, әрі қандай реформаларды басынан өткерді?
- Естеріңізде болса, 1993 жылғы 9-сәуірде Елбасымыз мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ететін көптеген құжаттарды әзірлеу үшін маңызды негіз болған «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Заңға қол қойған еді. Қысқа мерзімнің ішінде Нұрсұлтан Назарбаев жас еліміздің барлық бағыттарының, әсіресе, отандық Қарулы Күштердің дамуына ерекше назар аударады деп есептеймін. Бүгінде Қазақстанымыздың бірегей жүйесін құрайтын заманауи, жақсы жабдықталған және соғысқа жарамды Құрлықтағы әскерлер, Әуе қорғаныс күштері, Әскери-теңіз күштері құрылған. Біздің Қарулы Күштеріміз әскери басқыншылыққа тойтарыс беру бойынша міндеттерді шешуге тиімді мүмкіндік беретін, сондай-ақ, мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз ететін басқарудың икемді жүйесі бар, заманға сай және жетілдірілген құралдармен және әскери техникамен жабдықталған.
- Отан алдындағы борышын өтеуге баратын біздің тарандық жас жігіттеріміз қандай дайындықпен аттанады, қандай әскерге баруды қалайды? Республикамыздың қай өңірлерінде қызмет етеді?
- Қарулы күштерде қызмет ету - патриоттық мектеп. Қазақстан Республикасының Қарулы күштеріне іріктеу әскерге алынатын адам құрамын алдын ала зерттеуден басталады, зерттеу және іріктеу барысында әскерге шақырылушының денсаулығы, оның моральдық-психикалық тұрақтылығы, білімі және тағы да басқа факторлар ескеріледі. Жігіттердің көбісі десантты-шабуыл әскерлерінде қызмет етуге құлшыныс білдіреді. Олар Шығыс Қазақстан облысында, Алматы, Балқаш, Қарағанды қалаларында, Алматы облысында қызмет етіп, абыроймен үйлеріне оралады.
- Ал, жерлестеріміздің арасында қызмет ету кезінде мадақтамалармен, ынталандыру сыйлықтарымен марапатталғандар бар ма?
- Жыл сайын ауданымыздың ондаған әскерге шақырушысы Отан алдындағы борышын өтеуге жіберіледі. Олардың басым бөлігі төсбелгілермен, мадақтамалармен, алғыс хаттармен марапатталды десем, артық айтқаным болмас. Мысалы, Юрий Сарахман, Арман Баймағамбетов, Азамат Хусаинов, Дмитрий Гордей, Денис Горнак есімді жерлестерімізді атап өткім келеді. Мерзімді әскери қызмет еткен әр адамға ІІМ органдарына, ТЖМ бөліміне жұмысқа орналасуға және келісімшарт бойынша қалуға мүмкіндік беріледі. Таран ауданынан келісімшарт бойынша қызмет атқарып жүрген азаматтар да жоқ емес..
- Отан қорғаушылар күнінің қарсаңында айтар тілегіңіз...
- Аға ұрпақ пен жас буынның Отанымызды қорғап, қызметте айтулы үлес қосқанын мен әрқашан да мақтан тұтамын. Тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді қас қақпай күзетіп тұрған, халқымызға қорған болған ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін! Баршаңызға бейбіт ғұмыр тілеймін!
- Жәдігер Әлімбайұлы, әңгімеңізге көп-көп рақмет!