- Подробности
-
Категория: №18 (10338) от 4 мая 2018 года
-
Создано 04.05.2018 06:23
-
Просмотров: 3072
Мен Рудный қаласының колледжін тәмамдаған соң, жергілікті қорғаныс істері жөніндегі бөлімнен шақыру қағазы келген-ді...
Ата-аналарым да «әскерге бару – сенің ел алдындағы міндетің» деді, олардың ақылдарын тыңдап, әскери өмірдің қыр-сырымен танысып қайтуға шешім қабылдадым.Сөйтіп, көктемгі шақырылымда әскер қатарына алынып, бір жыл бойы Алматы облысындағы Әуе қорғаныс күштерінің 97/617 әскери бөлімінде азаматтық борышымды өтедім. Мен үшін алғашқы ай ғана қиынға түсті. Кейін әскери өмірге бейімделіп, қоршаған ортаға да сіңісіп кеттім. Тіпті, қызметтес балалармен достасып, бір-бірімізге бауыр басып қалдық. Қиын да, қызықты сәттерді бірге кешіп, туғандарымыздың жіберген азық-түлігімен өзара бөлісіп жүретінбіз.
Бір айдан кейін өткен салтанатты ант беру рәсімінде әскери бөліміміздің арнайы шақыруымен келген анам ата-аналар қауымының атынан сөз сөйлегенде, бұл мен үшін зор құрмет болды, шынымды айтсам, көкірегімді мақтаныш сезімі кернеді. Інімнің де осынау ұмытылмас сәттің куәгері болғанына қуанамын. Ол әлі күнге дейін әскери өмірім жайлы сұрап жүреді. Ашығын айтқанда, әкеміздің кезінде Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуі ініміз екеумізге зор септігін тигізді. Кішкентай кезімізден-ақ «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» сарбаздардың қатарында болуды армандайтынбыз. Сыртта жүрген кезімде бәрінен де туғандарымды сағынатынмын, жырақта жүргенде еркелетіп өсіретін ата-анаңды одан сайын бағалайды екенсің. «Әскер – өмір мектебі» екені рас екен. Себебі, әскерден шынығып,есейіп қайтасың, әрі Отан үшін отқа түскен аға буынның теңдессіз ерлігін, отаншылдық нәріне суарылған биік парасатын, асқақ адами болмысын өнеге тұтасың. Дивизия тобының командирінің жауынгерлік дайындықта алдыңғы шекте және үлгілі тәртібіммен Отан алдындағы азаматтық борышымды адал атқарғаным үшін мадақтамамен марапаттағаны да мен үшін зор жетістік екенін де жасырмаймын.