- Подробности
-
Категория: №18 (10338) от 4 мая 2018 года
-
Создано 04.05.2018 06:34
-
Просмотров: 3189
Жақында аудандық «Әйет» мешітінің қабырғасында «Салт-дәстүр және діни рәсімдер» атты тақырыпта кездесу өтті. Облыстың бас имамы Бақытбек Нұрғабылұлының және Рудный қаласының имамы Азамат Серікбайұлының қатысуымен өткен жиынның мақсаты қандай?
Дәстүріміз бен дінімізді ұштастыра отырып, қазіргі таңдағы жаназа мен жерлеу рәсімдері жайында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қабылдаған ортақ тәртіп пен пәтуаларды халыққа жеткізу басқосудың мақсаты еді. Алла тағаланың қалауымен кез-келген отбасының басына түсетін өлім, жақынынан айырылу жағдайлары қазіргі таңда көп адамдарға, яғни отбасы жақындарына үлкен қиындық тудырып, шариғат бойынша артық ысырапшылдыққа әкеп соғып жатқаны бәрімізге аян. Осындай ысырапшылдықтың алдын алу мақсатында діни басқарманың қабылдаған шешімдері халыққа кеңінен таныстырылса, нұр үстіне нұр.
Шыны керек, жаназа тақырыбына қатысты елді толғандыратын мәселелер аз емес. Жерлеу рәсімі елімізде жалпылама бірдей орындалғанымен, кейбір аймақтық ерекшеліктер кездесіп тұрады. Ақсақалдар мен имамдардың арасындағы жаназаға қатысты қызу талқылаулардың жиі туындайтынына Сіз де келісерсіз. Енді Қостанай облысы бойынша «Салт-дәстүр және діни рәсімдер» конференциясында қабылданған шешімнің негізінде жаназа кезіндегі ұсыныстарды орындау халыққа жүктеледі. Сондықтан, дін өкілдерінің халық арасында түсіндіру жұмысын жүргізуі де бекер емес. Айта кету керек, аталмыш жиынға аудан әкімі Қуандық Испергенов та, ауданымыздың құрметті азаматтары да қатысты. Тарандықтар да діни сұрақтарына жауап алып, өз ойларын ортаға салу мүмкіндігіне ие болды.