Бала тәрбиесі - жауапты іс

b_600_290_16777215_00_images_images_2023_23_2.jpg

Баланы өмірге бейімдеуде мектеп, ұстаз және ата-ананың орны бөлек. Қоғамның алғашқы ұйтқысы отбасында бала үлкендермен араласады. Баланың қоғамдық әлеуметтік дамуы жанұяда өз орнын алуынан басталады.
Жас шыбық иілгіш болса, жас адам да сондай, жақсыға да жаманға да бірдей бейімделгіш. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген нақыл сөздер тегін айтылмаған. Ата-ана өзінің мінезі, дағдысы, сөзі, іс-әрекеті арқылы баласына үлгі көрсетеді. Бала әрқашанда ата-анадан мейірімділікті, сүйіспеншілікті, жүрек жылуын қажет етіп, ата-ананы өмірдің тірегі деп санайды. Отбасында басты мәселелердің бірі – баланың тіршілік іс-әрекетін дұрыс ұйымдастыру.
Баланың күн тәртібі, жеке басына қойылған талаптар, міндеттер, үй еңбегіне араласуы, білімі, қызығушылықтары, бос уақытын дұрыс ұйымдастыруына көмектесіп, ықпалын тигізіп отырған Тобыл кенті тұрғындары Бірмағанбетов Асылхан Байдрахманұлы мен Әсел Қайыржанқызы отбасы. Отағасы Асылхан Байдрахманұлы теміржолшы, ал жұбайы Әсел Қайыржанқызы Тобыл селолық балалар кітапханасының кіітапханашысы болып жұмыс жасайды. Көпбалалы отбасында Әйгерім, Айару,Аяжан, Назерке, Еркеназ өнерге де, спортқа да бейімді.Үлкендері Әйгерім қазір Қостанайдағы педагогикалық колледж студенті, мектепте жүргеннен би үйірмесіне қатысып, көптеген жетістіктерге жеткен.Айару дзюдо күрестерінде аудандық, облыстық, республика жеңімпазы. Аяжан биге қатысып жүр. Назерке балабақшаны аяқтап, биыл мектепке барады, ал Еркеназ 1 жаста.
- Мектеп партасында отырған баланың жан-жақты тәрбие алуына ең бірінші ықпал ететін ұстаз болса, оның сүйеушісі – ата-ана. Сондықтан ата-ана өз баласының білім алуына барынша жағдай жасауы тиіс, оқу үлгеріміне күнделікті назар аударып, қадағалап отыру керек.- дейді Әсел Қайыржанқызы. Бала тәрбиесі – өте күрделі үрдіс және ешқандай үзіліс, демалыс дегенді білмейді. Бала мектепте 6,7 сағат болса, 18 сағат үйде болады. Адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасынан басталады. Оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілері отбасында қалыптасады, сондықтан да туған үйдің жылуы – оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде болады. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының тигізетін әсері мол. Кәмелеттік жасқа жеткенге дейінге баланың салауатты өмір салтына сай тәрбие алуына жауапты. Егер балаңыздың өмірде белгілі деңгейде жетістікке жетуін қаласаңыз, жеке тұлға ретінде, маман ретінде ашылуына еңбектендіре отырып, көмек беру қажет. Бұл ата-ана үшін, балалар үшін және қоғам үшін өте тиімді.
«Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлаудан басталады. Себебі, ата-анасын сыйламаған бала жолдасына да, қоғамға да пайда келтіре алмайды» деген қазақтың белгілі ағартушы педагогі Ыбырай Алтынсариннің ата-ананың бала тәрбиесіндегі атқаратын рөлін айрықша атап көрсеткен бұл сөзі бүгінде өз мән-маңызын әлі күнге дейін жойған жоқ. Отбасындағы тәрбиенің ең дұрысы– баланы еңбекке баулу. Ол – адамдық кемелденудің негізі. Еңбек ете білмеген немесе оны жек көрген адамның отбасы берекелі болмайды. Отбасында баланы тәрбиелеу – бұл қарапайым емес маңызды және жауапкершілікті талап ететін үлкен іс. Осы тұста ата-ана олардың жан дүниесін түсініп, дер кезінде бағыт-бағдар көрсетсе, бұл ата-ананың бала тәрбиесіндегі тапқырлығы болып саналады.
Ұлт тәрбиесі – ұлт болашағы. Егеменді еліміздің ертеңгі болашағы жас ұрпақ тәрбиесі. Білімді денсаулығы мықты азамат өсіру үшін, ата-ана - мектеп болып ынтымақтасып та ат салысуымыз қажет.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане