Сыңғырла, соңғы қоңырау!

b_600_290_16777215_00_images_images_2023_23_2320023-18.jpg

Білім айдынында мектеп атты кемені 11 жыл мекен еткен түлектердің желкенін үлкен өмірге қарай бұратын сәті келді. 1 маусым еліміздің түкпір-түкпіріндегі мыңдаған мектептің жас түлектері алтын ұясымен қоштасып, үлкен өмірге қадам басатын күн.
Тағы бір оқу жылы аяқталды. Көңілдерде қимастық сезімі ұялап, тарыдай болып аттаған табалдырықтан көкке қанат жайған соңғы қоңырау үні Тобыл кентіндегі мектептерде сыңғырлады. Одан әрі салтанатты рәсім дәстүрге сай, әуелі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы енгізіліп, Әнұран орындаудан бастау алды. Шара барысында аудан әкімішілігінен келген қонақтар мектеп бітірушілерге жылы лебізін білдіріп, ауданда білім саласын өркендетуге ерекше көңіл бөлініп жатқанын тілге тиек етті. 2022-23 оқу жылында Тобыл кенті бойынша білім беру ұйымдарын 11 сыныпты 19 түлек , 9 сыныпты 81 түлек бітірді. Мектеп табалдырығын аттаған сәттен үздіктер қатарынан көрініп, 11 жылды «бестік» бағамен қорытындылаған, биыл түлектер ішінен №2 Тобыл жалпы білім беретін мектебінен «Алтын белгіге» үміткер – Қуантай Айгерім бар.

b_600_290_16777215_00_images_images_2023_23_2320023-3.jpg

 

Биылғы жылдың мектеп бітіруші түлектері бірыңғай тестілеуге қатысып, жоғары көрсеткіш көрсетеді деген үміттеміз. Алтын ұямен қоштасар сәт таяп, кешегі тұлымды ұл ат жалын тартып, азамат болғанын, тұлымшақты қыз бой жеткенін бүгін ғана сезінгендей, көңілдері толқып, жүректері лүпілдейді. Алғаш әріп танытқан, бойларына жақсылықты дарытқан, балалығы мен шалалығын кешірген аяулы ұстаздарын қимаса да, қияға құлаш сермейді, аңсауға толы арманға қол созады. Мектеп бітірушілер бұдан кейін қоңырау олар үшін сыңғырламайтынын, мектеп партасына қайтып отырмайтынын білсе де, соның бәрін көкірегінің бір түкпіріне түйілген сырлы сағынышқа айналдырып кете бармақ. Ұстаздар он бір жыл бойы тәрбиесін шыңдаған, білімін жетілдіріп, қанаттандырған өрендерінің өздерін ешқашан ұмытпайтынына сенімді. Өйткені, бұл қайта айналып қайырыла бергің келетін, жыл сайын соңғы қоңырау соғылар күні жүрегің шымырлап, мектеп партасына жаңа отырған бала шәкірттей тебіренетін күн болып қала бермек.
Жолың болсын жас түлек!


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане