«Áıet shamshyraǵy» газеті 85 жаста

b_600_290_16777215_00_images_images_2023_26_262023-4.jpg

Бүгінгі күндері халқымыздың үніне, жүрекжарды сөзіне айналған, ұлттық рухтың ұлы ұстанымдарының бірі ретінде бағаланатын Бейімбет Майлин ауданы өңірінің газеті – «Áıet shamshyraǵy» 85 жаста.
Аудан тарихымен біте қайнасқан «Áıet shamshyraǵy» газеті ауданының тұрғындары үшін басты ақпарат көзі болды. Аудан құрылғаннан кейін, яғни 1938 жылы газет редакциясы құрылып, алғашқы нөмірі жарыққа шықты. «Сталинский призыв» атауымен шыққан газеттің алғашқы санын сол кездегі жалынды жас Михаил Литвененко шығарып, редакторлық міндетті қолына алды. Ол газеттің тұңғыш редакторы ретінде тарихта қалды. Үлкен тарихи жолдан өткен газет елдегі қоғамдық-саяси реформаларға орай сан рет атауын өзгертті. «Сталинский призыв» деген атаумен бастау алған газет , кейін 1956- жылы «Заря коммунизма» деп өзгертіліп, ал 1966 жылы, араға 10 жыл салып «Маяк» газеті , тәуелсіздіктің алғашқы жылдары «Шырақшам-Маяк», «Шамшырақ-Маяк» деген атаумен қазақ және орыс тілдерінде шығарылды. Таран ауданы ұлт көсемі Бейімбет Майлин есімін иеленген тұста жергілікті халықтың ұсынысымен газет «Áıet shamshyraǵy» болып өзгерді.
Кезінде газетке басшылық жасағандар қатарында білікті де білімді, қарымды қаламгерлер, кәсіби мамандар болғанын айта кеткен жөн. Алғашқы редактор болған Михаил Литвененконы, газетті 10 жыл басқарған Виктор Зинкинді тарих ұмытпайды. Әр жылдары газетке бас редактор болған А.Иванов, Б.Нұрмұхамбетов, И. Гуренчук, В.Баранов, Г.Яровой, В. Леонов, В.Посыпаев, С.Құлжанова, И.Данилова, Т.Шұңғырбай, М.Шоңғалов, О.Ли, М.Гривко сынды басшылар газетке барынша адал еңбек етті. Олар елбасына түскен зұлмат жылдарды да, ұлттың мерейін тасытқан қуанышты сәттерді де газетпен бірге көрді.
Газет қай кезде ­де, қандай жағдайда да ұлтының сөзін сөйлеуден, ел-жұртты жақсылыққа, іргелі істерге ұмтылдырудан жаңылған емес. Қазіргі таңдағы алдына шырақ етіп ұстанған басты мақсат-мұраты – Президент саясатын жүргізу, жергілікті биліктің ел игілі үшін атқарып жатқан қызметерін паш ету, ел ішіндегі бірлік пен ынтымақты нығайтуға қызмет ету.
«Áıet shamshyraǵy» газеті осы 85 жыл ішінде тек баспасөз қызметін атқарып қана қоймай талай жоғары деңгейдегі журналистерді де түлетіп ұшырған құтты орын болды. Газетте алғашқы еңбек жолын бастаған Қайрат, Ділдә, Айнагүл, Жанар, Сергей, Айгерім, Олга сынды жастар бүгінгі күні еліміздің түкпір-түкпірінде журналистік салада, мәдени , білім ордаларында қызмет істеп жүр.
Бүгінгі күні зейнетте болса да Елена Григорьевна сияқты аға буын өкілдері ақыл-кеңес беруден жалыққан емес.
Газет редакциясында қызмет еткен аға және орта буынның өкілдері, бүгінгі әріптестеріміз қандай қиын шақтарда да журналистік кәсіпке деген адалдығымен табанды еңбек етіп, аймақтың тыныс-тіршілігін газет беттерінде шынайы көрсетті, тұрғылықты халықты ортақ міндеттерге жұмылдыру парызын адал орындады.
Міне, аталмыш басылым бүгінде ақпарат айдынынан айшықты орын алған басылымға айналды. Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор!» деген екен Алаш арысы Міржақып Дулатұлы. Ләйім солай болғай. Елдің де, газеттің де келешегі кемел болсын деп тіледік.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане