Жоба ауқымды, жұмыс қарқынды

b_600_290_16777215_00_images_images_2023_37_372023-19.jpg

 

Бейімбет Майлин ауданында ірі инвестициялық жобалар іске асады. Ауқымды жобаның бірі көкөніс қоймасының құрылысы. "Green Terra" ЖШС жобасының құны 1 млрд теңге. Қойма 6 мың тонна көкөніс сақтауға мүмкіндік беріп, онда 12 адам тұрақты жұмысқа қабылданады. Нәтижесінде бағаның өсуін ішінара өндірілген көкөністерді сақтай отырып тұрақтандыруға болады. Аудан халқымен есептік кездесу өткізген өңір басшысы Құмар Ақсақалов өзге де ауқымды жобалармен таныстырды.
Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Соңғы үлгідегі желдету жабдықтары сатып алынған. Келер жылы тағы екі қойманың құрылысы басталады. Олардың әрқайсының сыйымдылығы 4 мың тонна. Өңір басшысы өз баяндамасында ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Жолдауда ет, сүт және астықты терең өңдеуге баса назар аудара отырып, қуатты экономикалық серпіліс қажеттігін айтты. Бұл салада жаңа жұмыс орындарын құруға және бизнесін дамытуға ықпал ететін инвестициялық жобалар іске асырылуда. Майский ауылындағы құс-фабрикасының жұмысы 2014 жылы тоқтаған. Қиын кезеңде де жұмыс істеген еді. Жұмыскерлерге жалақы төлеу қиын болды. Соның өзінде жұмысын тоқтатқан жоқ. Қазіргі жағдайы адам шошырлық. Қалай ғана сап-сау фабириканы күйретіп жіберуге болады? Барлық коммуникациялық желілер тартылған. Енді қайтадан аяққа тұрғызу керек. Ауыл шаруашылығы басқармасы кәсіпкермен бірігіп жұмыстарды жүргізетін болады, – деді аймақ басшысы.

b_600_290_16777215_00_images_images_2023_37_372023-8.jpg

 

Құс фабрикасын қайта құруға "Qarqyn Qus" ЖШС ниет білдірген. 2021 жылы жобалық-құндық құжаттама әзірленген. Келер жылдың маусым айынан құрылыс жұмысын бастап, 2025 жылдың желтоқсан айында іске қосуды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, Құмар Ақсақалов ауданда мал шаруашылығымен айналысатын шаруалардың аз екенін айтты.
– Мал шаруашылығымен айналысатындар саусақпен санарлық. Миллион гектар жер бос жатыр. Біз болсақ мал етін, сүтті, құс етін тағы басқа өнімдерді сырттан әкеліп, халықты импортқа тәуелді етіп қойдық. Өзімізде бар фабрикалар қаңырап тұр. Жер иеленіп отырған ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мал шаруашылығымен мықтап айналысуы керек. Мемлекет тарапынан тиісті көмектер болады. Сіздердің міндеттеріңіз мал шаруашылығын дамытып, жұмыс орындарын құру, – деп нақтылады Қ.Ақсақалов.

 

b_600_290_16777215_00_images_images_2023_37_372023-11.jpg

 

Аймақ басшысы әр салаға жеке тоқталып, мәлімет берді. Білім, спорт, денсаулық пен мәдениет саласында атқарылатын жұмыстар ауқымды. Тұрғындар тарапынан да сауал аз болған жоқ. Адамдар ауылдағы түрлі проблеманы көтерді.
Бас-аяғы үш сағатқа созылған жиында әр тұрғын қойған сауалына мардымды жауап алды. Құмар Ақсақалов халықты әркез осылай белсенді болуға шақырды.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане