- Подробности
-
Категория: №29 (10349) от 19 июля 2018 года
-
Создано 19.07.2018 06:15
-
Автор: Жанар Қасымова
-
Просмотров: 7363
Өткен аптада біздің ауданымызға жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VI шақырылымының депутаты Артур Платонов келіп, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының активімен жүздесті.
Партияның белсенді мүшелерімен кездеспес бұрын Артур Платонов Май ауылының дәрігерлік амбулаториясына, жергілікті кітапханаға және Май орта мектебінің музейіне барып қайтты. Айта кету керек, оған амбулаторияның қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілгендігі ұнады және ол кітапхана мен музей қызметкерлерінің қаһарман жерлестерімізді ұлықтап, өңіріміздің ұлы кісілеріне лайықты құрмет көрсететіндігіне риза болды. Депутат әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап қана қоймай, қарапайым халықпен тілдесу үшін жолда кездейсоқ кездескен кісілермен диалог жүргізді. Тұрғындар ауылдық мектеп ұжымын да, оның директорын да мақтай жөнелді, бірақ ел-жұртты су мәселесі мазалайтын көрінеді. Оған қоса, ауылдықтар «бүгін зейнетақы алуға барып едік, әзірше кешіктіріп жатыр», - деп пошта қызметіне шағымданып, сол мезетте-ақ мұндай жағдайдың бірінші рет орын алғанын атап өтті.
Артур Платонов халықпен тілдескеннен кейін Май орта мектебінде күтіп отырған активпен қауышты. «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары, облыстық депутаттар фракциясының мүшесі Айнаш Даданова жиналғандарды қоғамда өзіндік орны бар қонағымызбен таныстыра отырып, оның айтулы жетістіктерін де тілге тиек етті. «Мен облыс орталықтарынан алысырақ елді-мекендерге барып, шынымен де, іспен айналысатын адамдармен кездесуді ұнатамын. Себебі, әңгімелеу жанрының әртістері өте көп және сөз бен іс өзара сәйкес келе бермейді. Екіншіден, адамдар ірі қалалардан қаншалықты алыс болса, соншалықты парасатты болып келеді. Сіздердің барлығыңыз да активке жатасыздар, Елбасымыздың Жолдауы, бес әлеуметтік реформасы жайлы ақпараттандырылғансыздар деп ойлаймын. Осы орайда, мен негізгі ойымды ғана жеткізіп, кейін сіздердің пікірлеріңізді, ұсыныстарыңызды тыңдап, бүгінде орын алған мәселелер жөнінде әңгіме өрбітсем деп едім», - дей келе, Артур Станиславович бес әлеуметтік бастамаға тоқталып өтті. Оның айтуынша, қазіргі замандағы саяси, экономикалық ахуалдың күрделі екендігін ескере отырып, Қазақстанымыздың орасан зор әлеуметтік өзгерістерді іске асыруға жағдайы бар бірегей елдердің бірі екендігі маңызды. Яғни, экономикалық үлгі дұрыс құрылғандықтан, ешқандай қиындықтарға қарамастан, Үкімет негізгі көрсеткіштерге қол жеткізе білді. Артур Платонов бүгінгі ең басты бастамалардың бірі болып табылатын «7-20-25» бағдарламасы жайлы егжей-тегжейлі түсіндіріп, үйлесімсіздікті жоюға қатысты ақиқат мәселесіне де мән берді. Ұтқыр да, мазмұнды монологынан кейін мәжіліс депутаты бірден сұрақ-жауапқа көшті. Белсенділік танытқан актив мүшелері «Дипломмен – ауылға» бағдарламасындағы олқылықтар, тендерлерді ұтып алатын мердігерлердің іске жауапсыздықпен қарауы сияқты көпшілікті толғандыратын басқа да өзекті мәселелерді қозғады. Артур Платонов көтерілген мәселелер мен жасалған ұсыныстардың жерде қалмайтынын айтып, бірқатарын қаперге алды. Ол аймақтардағы небір мәселелерді шешуге өз үлесін қосатын «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалына алғашқы қадам жасап, Айнаш Даданованы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына қатысты жасалған орынды ұсыныстар мен ескертпелерді қамтитын ресми хат жіберуін сұрады. Ұстамды, сауатты, жан-жақты саясаткер ойын қорытындылай келе, халықты жаңа жетістіктерге жетуге жігерлендірді.