- Подробности
-
Категория: №29 (10349) от 19 июля 2018 года
-
Создано 19.07.2018 06:21
-
Автор: Жанар Қасымова
-
Просмотров: 5246
Шілденің 13-і күні Май ауылдық округінің спорт алаңында бас қаламыз Астананың 20 жылдығына арналған аудандық жазғы ХХХ «Тың – 2018» спорт ойындары спартакиадасы өтті. Үлкен спорт пен жастықтың, күш пен мәдениеттің мерекесі биыл несімен ерекшеленді?
Аталмыш спартакиада еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауын орындау, спорттық шеберлікті арттыру, ауылдардағы денешынықтыру-спорттық жұмысты қорытындылау, облыстық спартакиадаға қатысу үшін ауданның құрама командасын құру мақсатымен өткізілді. Ауқымды іс-шараның салтанатты ашылуы делегациялардың шеруінен басталды. Алаңға алғаш болып шыққан Таран ауданы әкімінің делегациясының құрамында Кореядағы ХІІ қысқы Паралимпиада ойындарының әлем чемпионы Александр Колядин, спорт ардагерлері, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің және шаруа қожалықтарының директорлары, аудан әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік мекеме басшылары болды. Спартакиада туын сайыстың бас төрешісі Марс Шұңғырбаев басқарған төрешілер корпусы алып шықты. Қатысушылар шеруін алдыңғы жылдардағы спартакиадалардың бірнеше мәрте жеңімпаздары, футболдан, шағын футболдан, волейболдан, шахматтан, үстел теннисінен, дартстан өткен аудандық жарыстардың бірнеше дүркін чемпиондары болып табылатын Таран ауылдық округінің спортшылары бастады. Кейін жанкүйерлер мен көрермендердің қошеметімен алаңға «Тың - 2010» спартакиадасының алтын жүлдегерлері Тобыл кентінің командасын шықты. Айта кету керек, Тобыл арқан тарту бойынша атлеттерімен атағы шыққан. Бұл елді-мекендегі кеңінен тараған спорт түрінің бірі – волейбол. Сондықтан да, кенттің әйелдер және ерлер командаларының аудандық сайыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы мен жүлдегері атануы кездейсоқ емес. Ауданның волейбол бойынша құрама командасының ұйытқысын Тобыл кентінің ойыншылары құрайды. Таран ауданының 2007, 2008-жылдарғы спартакиадаларының қола жүлдегерлері, спорт саңлақтары Приозерный ауылының өкілдері де назардан тыс қалған жоқ. Команда әрқашанда өте тиянақты ойын көрсете біледі. Көп жылдан бері Приозерный спортшыларының сүйікті спорт түрінің бірі - баскетбол. Соңғы жылдары жоғары рейтинг көрсетіп жүрген Юбилейный ауылының өкілдеріне де, барлық спартакиадалардың тұрақты қатысушылары Новоильин ауылдық округінің өкілдеріне де лайықты құрмет көрсетілді. ХХХ аудандық спартакиаданың қатысушылар шеруін аудандық жарыстардың барлығына да қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүрген Асенкритов селолық округінің спортшылары, содан соң Набережный ауылдық округінің спортшылары жалғастырды. Бұл елді-мекендердің спортшылары да спорттың барлық түрі бойынша тайталасқа түседі. Жеңіске қол жеткізу үшін намысты қолдан бермейтін Павлов, Калинин, Белинский, Қайранкөл ауылдық округтері мен Евгенов ауылының өкілдері де салтанатты түрде алаңға шықты. Шаңғы, жеңіл атлетика спорт түрлері бойынша топты жарып, облыстық деңгейде ауданымыздың атағын шығарып жүрген мықты спортшыларымен мақтана алатын Май ауылдық округіне де қошемет көрсетілді.
Ауданымыздың барлық ауылдық округтерін қамтыған осынау керемет шеруден кейін сөз «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Қуандық Испергеновке берілді. Халықты салауатты өмір салтын насихаттауға, жаппай спорт түрлерін дамытуға тарту жолымен денешынықтыру мен спортты қолдайтын бүгінгі мемлекеттік саясатқа тоқталып, қатысушыларға сәттілік пен жеңістер тілеген Қуандық Хайдарұлы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағытын, партияның бағдарламалық мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыруда белсенділік танытқаны үшін, сондай-ақ Астананың 20 жылдық мерейтойына орай «Майлин ат.» ЖШС-нің директоры Владимир Бушкинді, «Мечта» ЖШС-нің директоры Владимир Кравчукті, «Сұлу» ЖШС-нің директоры Александр Пирогты «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасарының алғыс хатымен, «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырумен қатар, ауданымыздың дамуына зор үлесін қосып, еңбектегі жоғары жетістіктері үшін аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады. Өңіріміздің бірқатар жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен шаруа қожалықтарының таңдаулы жұмыскерлері егіс науқанының қорытындысы бойынша еңбектегі жоғары жетістігі үшін, ал білім саласының үздік қызметкерлері ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша ауданымыздың білім саласының дамуына және өскелең ұрпақты өсіруге үлес қосқаны үшін аудан әкімінің алғыс хатын иемденді. Салтанатты марапаттау рәсімінде жоғары спорттық жетістіктері үшін аудан әкімінің алғыс хатымен ядроны лақтырудан Қазақстан Республикасының чемпионы, Дубайдағы паралимпиялық Халықаралық Азия ойындарының күміс жүлдегері, найза лақтырудан күміс жүлдегері, Ирландиядағы ядро лақтырудан дүниежүзілік жасөспірімдер ойындарының қола жүлдегері Данияр Биклеевтің мадақталғаны жайлы да айтып өткен жөн. Оған қоса, құттықтау сөз сөйлеген аудандық спартакиаданың құрметті қонағы, қостанайлық шаңғышы, ұлттық құрама капитаны, еліміздің алты дүркін чемпионы Александр Колядинге аудан әкімінің өзі Таран ауданынан, спорт мерекесінен естелік болсын деген ниетпен әдемі сыйлық табыс етті.
Аудандық жазғы ХХХ «Тың – 2018» спорт ойындары спартакиадасының ашылу рәсіміне куә болған көрермендерге, жанкүйерлерге өнерпаздардың музыкалық нөмірлері мен тамаша қойылымдар ерекше әсер қалдырды. Дәстүрлі аудандық спартакиада жалауы желбіреп, жарыстың символына айналған алау да жағылды. Осы жолы спорттық мереке алауын жағу құрметі спорт ардагері Павел Бродаға, Май ауылының волейболшысы, Қазақстан Республикасының чемпионы Елена Кондратюкке, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, еліміздің бірнеше дүркін чемпионы Ренат Каримовқа, өңіріміздің абыройын асқақтатқан Данияр Биклеевке тиді.
Спартакиаданың аясында спорттың он бес түрі бойынша күні бойы өткен жарыстар да қызықты, әрі тартысты болды. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, спортшылар қарсыластарының алдында осалдық танытпауға барынша тырысты. Десек те, жарыс болған соң, жеңіс те, жеңіліс те қатар жүреді. Жалпыкомандалық бірінші орынды Таран ауылдық округінің командасы иемденсе, екінші орын Май ауылдық округіне бұйырды. Ал, жүлделі үшінші орынды қанжығасына Тобыл кентінің командасы байлады. Ең үздік спорттық киім үшін арнайы кубок Калинин ауылдық округіне тапсырылды. Спорттың әр түрінен озып шыққан жеңімпаздар мен жүлдегерлер мадақтамалармен, төсбелгілермен тарапатталып, облыстық спартакиадаға жолдама алса, жалпыкомандалық есептің жеңімпаздарына салтанатты түрде кубоктар, әрі мадақтамалар табысталды.