- Подробности
-
Категория: №32 (10352) от 9 августа 2018 года
-
Создано 09.08.2018 07:16
-
Автор: Жанар Қасымова
-
Просмотров: 5536
Бірде серуендеп қайтайын деп, орталық алаңға барғанымда жаңа шаңырақтың бой көтергеніне куә болдым. Мәдениет үйінің шыға берісінде қуаныштарына ортақтасқан қонақтардың арасында жұлдыздай жарқыраған күйеу жігіт пен қалыңдықтың тілек тілеп, аспанға алақандағы қос көгершіндерін ұшырғанын қарап отырған едім, «бізде фотосуретке түсетін жер де жоқ қой, қайда барар екен?» деп отырған едім, қасыма фотограф баланың келіп қалғанын байқамай қалдым. Ол менің ойымды оқығандай, өзіме дәл осы сұрақты қойды.
Шыны керек, ойлап қарасақ, аудан орталығында тұрғанымызбен, жұбайлардың күндізгі той қыдыруларында орталық алаңнан басқа естелік суретке түсетін жерлер де жоқ екен ғой. Өздеріңіз де білесіздер, той күні жастар ескерткіштердің, гүлдердің қасында тұрып, әлгі алаңдағы орындықтарда отырып немесе «Тарановское» деген жазуы бар стеллада түседі, сондай-ақ тілектерін тілеу үшін көпірге барып, өздерінше ырымдап, құлып іледі. Содан кейін бірінен-бірі озатын көліктерімен ауылды немесе қырық шақырымдық жердегі Лисаков, Рудный қалаларын аралаудан басқа амалдары да қалмайды.
Мәдениет үйі демекші, тарандықтар некені тіркеу рәсімін мәдениет ошағының бірінші қабатындағы әсем залында өткізуді қалайды. Осы орайда, мәдениет үйінің қызметкерлерінің еңбектерін атап өту керек. Өйткені, олар өз уақыттарын бөліп, шығармашылық идеяларымен жастар үшін маңызды күнді ерекше өткізуге, неке тіркеу рәсімінің сәнін келтіруге барынша тырысады. Жаңа өмірге қадам басқан жұптардың бірі неке туралы куәлігін ауылдық округ әкімдігінің ғимаратында орналасқан хал актілерін тіркеу бөлімінде алса, енді бірі өзара келісіммен салтанатты түрде аудандық мәдениет үйінде алғысы келеді. Себебі, аталған бөлімде бір кішігірім кабинеттен басқа неке қиюға арналған зал да жоқ. Өкінішті-ақ...! Әйтеуір, неке қию залына айналған мәдениет үйінің бары қуантады.
Той басталар алдындағы жастардың қыдыруы ұмытылмастай өтуі үшін естелік суретке түсетін, жалпы, сырттан келген қонақтарға көрікті жерлерімізбен таныстыра отырып, ескерткіштерден басқа назар аударарлықтай айрықша экспозициялар да жоқ десек, артық айтқанымыз емес. Былтыр жастар ресурстық орталығы «Ғашық жүрек» жобасының аясында ғашықтардың символы болатын тамаша идеяларын ұсынған екен. Дегенмен, әзірленген креативті жоба облыс деңгейінде қорғалып, қолдау тапқанымен, түпкі нәтиже, әдеттегідей, қаржыға тірелді. Мәңгілік махаббаттың символы орнатылса, оның қол ұстасқан ғашықтардың, жас жұбайлардың, ыстық сезімге бөленген жастардың орнына айналатынына күмән жоқ.