- Подробности
-
Категория: №33 (10353) от 16 августа 2018 года
-
Создано 16.08.2018 07:07
-
Автор: Жанар Қасымова
-
Просмотров: 5464
18-тамыз – бүкіләлемдік үйсіз жануарлар күні. Бұл күн – мереке емес, бұл күні - әлем жұртшылығының үйсіз-күйсіз жануарларға назарын аударуға, адамдарға олардың трагедиялық тағдырларын таныстыруға арналған іс-шаралар ұйымдастырылатын күн. Сондай-ақ, дәл осы күні қарапайым мысықтар мен иттерге қожайын табуға жақсы мүмкіндік туады.
Қазақ халқы ежелден бері «Ит – адамның досы» деп, итке жоғары баға беріп, құмай тазыны өздерінің жеті қазынасына да қосқан. Бірақ, бүгінгі кейіпкерлеріміздің тағдыры туған кездерінен-ақ шешілген секілді. Фотосуреттегі ешкімге зияны жоқ кішкентай иттердің аудан орталығының бөгет құрылысы жүріп жатқан аймағында жүргеніне біраз болды. Сондағы жұмысшылар да бұл екі иттің қаңғып жүргеніне біршама уақыт болғанын растайды. «Біз бірінші рет көргенімізде, олар әлі күшік болған-ды», - дейді бригада еңбеккерлері. Алғашқы кездері олар вагоншаның астында тығылып жататын. Содан сол маңайда еңбек етіп жүргендер тамақтандырып, өздеріне жақындата бастайды. Күндердің күнінде иттердің бірі ауырып қалған болатын. Махатма Ганди есімді бір данышпан өз сөзінде: «Әрбір ұлттың моральдық дамуы үдерісін жануарларға қалай қарайтындығы арқылы білуге болады» деген екен. Моральдық жауапкершілік маза бермегендіктен, жұмысшылар жаңағы кішкентай итке қажетті ветеринарлық дәрі-дәрмек алып, бірнеше күннің ішінде аяққа тұрғызды. Эталон және Фрукт деп аталып кеткен иттер бүгінде бірімен-бірі ойнап, адамдардың қасында жүгіріп жүр.
Осы мысал сіздің де жануарларға деген жанашырлық сезіміңізді оятты деп үміттенеміз. Әрине, үйсіз-күйсіз ит пен мысықтардың әрқайсысының жағдайын жасау мүмкін емес, алайда, бей-жай қарамай, мүмкіндігіңізше, көмектессеңіз. Қазіргі заманда елімізде арнайы сайттар да, хабарландырулар сервисі, жануарларға арналған әртүрлі тұрақтар да бар. Алысқа кетпей-ақ қояйық, Лисаков қаласында «Мысықтар үйі» де бар. Марғауларыңызды қаңғыртып, обалына қалғанша, бір амалын табуға тырыссаңыз да болады. Ал, мақаламыздың кейіпкерлеріне айналған иттерге қожайын боламын десеңіз, редакциямызға хабарласуыңызға немесе бөгет құрылысымен айналысып жүрген кісілерден сұрап білуіңізге болады. Қатыгездік адамды рухани жабайылыққа душар ететінін есте сақтаған жөн. Қоршаған ортаға мейіріммен қарап, туған жердің тіршілігін аялай білейік, қадірлі оқырман!