Дария - кеуде, тас мүсін, Құрыштан құйған құдірет...

b_600_290_16777215_00_images_images_2018_39_39-2018_2.JPGДәл осылай дарқан даламыздың қазына қарттарын Сағи ақын жырлағандай, қашанда төрімізден қарияларымыз кетпеген халықпыз. Аға ұрпақтың төл мерекесі қарсаңында ауылдың ардақтысы Жапарғали Қазкеевпен кездесу бұйырды.


Ағамыздың да бізге айтары көп-ақ. Бүгіндегі ардақты қария әңгімесін немере-шөберелері жайлы айтып, суреттерін көрсетуден бастады. Оның әр сөзінен артынан ерген ұрпағы үшін мақтаныш сезімі мен қуаныш сезінді. Жанында отырған ақжаулықты анамызды «Бұл менің кемпірім» деп ерекше сүйіспеншілікпен таныстырды.
«Мен көпбалалы отбасында өстіп, Жапарғали болса, бір үйдің жалғыз баласы. Жалғыз болып өссе де, бойында біреуге міндеп арту, ата-анасынан көмек күту секілді қасиеттерді осы уақытқа дейін еш байқамадым. Отасқанымызға елу жылдан аса уақыт өтті. Осы уақыт ішінде ол мен үшін нағыз тірек, дос, жанашыр, сырлас бола білді,» - дейді Айсәуле апамыз.
Әңгіме барысында көзге жас алып, олар танысқан шақтарын еске алды. Ол кезде Жапарғали ағамыз жігіттің төресі Троицк училищесінде оқып жүрген студент еді, апамыз сұлу бойжеткен. Олардың қосылуына себеп болған - студенттік кеш. Сол кеште ағамыз бірден Айсәуле апамызды биге шақырып, жөн біліскен соң, алып қашуға бел буған екен. Жас келінді алғаш көрген де сол курстас достар.
Сол уақыттан бері елу жыл өтті. Алтын құрсақты Айсәуле ана дүниеге жеті бала алып келді. Бүгінде ұлдары бір-бір шаңырақтың иелері, қыздары бір ошақтың басын тұтатып отырған ибалы келін, аналар.
«Ұл-қыздарым, жиырма немерем, төрт шөберем, міне, менің байлығым осы. Барым да, нәрім де осы қолқанаттарым,» - дейді Жапарғали аға.
Әңгіме барысында ағамыздан атқарған еңбегі жайлы сұраған болатынбыз. Өз жетістіктері жайлы айтып мақтанудан бас тартты. Ауылдастарына ол өмір бойы басшылық қызметте абыройлы еңбек атқарған азамат ретінде таныс. Байыппен айтқан әр сөзі, зілі жоқ әзілдері, отбасына деген ерекше махаббаты, өмірлік серігіне деген құрметі бұл кісінің нағыз ер азамат екенінің дәлелі.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане