- Подробности
-
Категория: №43 (10363) от 25 октября 2018 года
-
Создано 25.10.2018 06:12
-
Автор: Жанар Қасымова
-
Просмотров: 5419
Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік қызметкерлері жалғызбасты зейнеткерлермен, тағдырлары тоғысқан қарттармен жекелей қарым-қатынас орнатып, күн сайын олардың талап-тілектерін тыңдап, өмір салтын жеңілдетуге күш салуда. Айналамызда осындай мейірімді адамдардың бар болғаны қандай ғанибет десеңізші!...
Шыны керек, біз мүмкіндігі шектеулі немесе көмекке зәру адамдарға аянышпен қараймыз. Ал, кең жүректі, адами бейнелері жарқын әлеуметтік қызметкерлер сол кісілермен бірге біте қайнасып өмір сүреді. Калининский ауылдық округіне қарасты Береговой елді-мекенінің әлеуметтік қызметкері Мариям Салыкова учаскесіндегі егде жастағы ауылдықтардың туысқанындай болып кеткен десек, асырмалағанымыз емес. Олардың басым бөлігі жалғызбасты ата-әжелер болғандықтан, олар Мариям Жақыпбекқызын асыға күтеді. «Біз тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, телефон арқылы көмек көрсетемін, әлеуметтік-психологиялық патронаж жасаймын. Яғни, үйлерін жинаймын, кірін жуамын, азық-түлік, дәрі-дәрмектер сатып аламын, ауылдың қоғамдық өмірінен қалыс қалмауы үшін, жергілікті клубтағы концерттерге апарамын», - дейді ол.
Мариям Салыкова сынды қызметкер болу үшін темірдей төзім, салқын сабыр керек. Сегіз жыл бойы белгіленген күні ғана емес, қажет кезде де қарттарының қасынан табылатын бұл кісі қиналғандардың мұңын тыңдап, жұбатып, өзінің жайдары, ашық мінезімен көтеріңкі көңіл-күй сыйлай біледі. Оның жұмысы көпшілік ойлағандай оңай шаруа емес, бұған үлкен жүрек иесі ғана бара алады. Естеріңізге сала кетейік, 2011 жылы Елбасымыздың Жарлығымен қазан айының соңғы жексенбісі Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып бекітілген еді. Осы орайда, жүрек жылуын ұсынатын Мариям Салыковаға қиын да, қажетті мамандық бойынша тер төгіп жүргеніңіз үшін ризашылығымызды білдіріп, деніне саулық, отбасына бақыт тілейміз!