- Подробности
-
Категория: №8 (10328) от 22 февраля 2018 года
-
Создано 22.02.2018 06:31
-
Просмотров: 3564
Ауғанстаннан кеңес әскерінің шығарылғанына биыл 29 жыл толып отыр. Ауған жеріндегі соғысқа 22269 қазақстандық қатысқан. Кеңес әскерінің шектеулі құрамында қостанайлықтар да болды.
Облысымыздың 44 жауынгері ауған даласында қаза тауып, екеуі хабар-ошарсыз кеткен. 110 айға созылған соғыста жауынгерлік және интернационалистік борышын өтеген ардагер ағаларымыздың көзі тірілері арамызда жүр. Ерліктің ерен үлгісін көрсеткен ерлер қашан да халықтың құрметіне лайықты. Сондықтан да, ауған соғысы ардагерлерімен кездесу мақсатында №1 орта мектепте «Ауғанстан ақиқаты» атты іс-шара өтті.
«Құрметті қонақтар, ұстаздар мен оқушылар! ... қаһарман жерлестеріміз біздің ортамызда», - дей келе, кешке қатысушы қонақтарды таныстырған жүргізушілер сөзді облыстық мәслихат депутаты Айнаш Дадановаға берді. Ол осы күннің мән-маңызына тоқталып, шақырылған ардагерлерге денсаулық тілеп, өзінің жылы лебізін білдірді. Иә, тарих беттерін парақтасақ, ауған соғысы аяқталғанымен, оның салдары халықтың жадында мәңгіге сақтаулы. Себебі, бұл соғыстың әкелген қайғысы жауынгерлердің қанымен, аналардың көз жасымен өзіндік із қалдырды. Осы орайда, сол жылдары қаза болған және еліне аман оралған жауынгер-интернационалистерді еске алу кездесу кешінде ұйымдастырушылар ауданымызда туып, ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлердің есімдерімен танысып, фотосуреттерін көруге мүмкіндік беретін слайдтарын ұсынды. Олардың елге жазған хаттары, жауынгерлік киімдері мен қолданған заттары да назардан тыс қалған жоқ. Аталмыш соғыста көз жұмған жерлестерімізді еске алып, бір минут үнсіздік те жариялады.
Кездесу барысында қашан да жастарымызды отансүйгіштікке баулитын Есен Бимурзиннің, Владимир Ионенконың, Бебеитжан Салимовтың өздерінің әскери-азаматтық міндеттерін абыроймен атқарып, үйлеріне аман-есен оралғандарына құрмет көрсеткен мектеп оқушылары өз өнерлерін көрсетіп, сый-сияпат жасады. Мүмкіндікті пайдалана отырып, мектеп ұжымының атынан демеушілік жасаған «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалына алғысымызды білдіреміз.
Арада 29 жыл өтсе де, ауған соғысының ащы естелігінің біздің жадымызда жаңғырып тұратыны хақ. Ендігі уақытта осындай қасірет егеменді еліміздің басына түспей, халқымыз аман, жұртымыз тыныш болсын!