- Подробности
-
Категория: №1 (10374) от 4 января 2019 года
-
Создано 04.01.2019 07:15
-
Автор: Жанар Қасымова
-
Просмотров: 2515
Желтоқсанның 29-шы жұлдызында балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спорт залында Жаңа жыл мерекесіне арналған «Көңілді старт» эстафетасы мен шағын футболдан жарыс өтті. Аудан ұйымдарының арасында кім үздік нәтиже көрсетті?
Салтанатты түрде ашылған спорттық додада сөз сөйлеген аудан әкімі Қуандық Испергенов: «Құрметті жарысқа қатысушылар! Келе жатқан Жаңа Жыл мерекесімен құттықтаймын! Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан - 2050» Жолдауында Қазақстан халқының тұрғындарын спортқа тартуға ерекше назар аударып, салауатты өмір салтының ұлт денсаулығының кілті болып табылатындығын атап өткен болатын. Командалар арасындағы бүгінгі кездесудің жаппай спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға өз үлесін қосатындығы сөзсіз», - дей келе, қатысушыларға сәттілік тіледі, мекемелер арасындағы жарысты ашық деп жариялады. Мәдениет үйінің өнер иелері әндерін паш етсе, күтпеген жерден келген Аяз ата мен Ақшақар ұйым, мекеме қызметкерлеріне мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Эстафетада әлеуметтік сала, білім беру, мәдениет салаларының, аудан әкімі аппаратының, аудандық аурухананың қызметкерлерін қамтыған алты команда сынға түсті. Бірнеше кезеңдерден тұратын эстафетада денелерін әбден шынықтырған қатысушылардың әрқайсысы да жарыстың соңына дейін қарсыластарын озып шығу үшін барынша тырысты. Ұйымшылдық танытып қана қоймай, шапшаңдығымен, ептілігімен жоғары ұпайларға ие болған командалар бірден көзге түсті. Ал, жақында ғана бой көтерген шағын спорт алаңшығында аудан әкімдігінің, полиция бөлімінің, «Тобыл» МКМ-нің және ауылдық округ әкімдері мен мектеп директорларының құрама командаларының қатысуымен өткен шағын футболдан қызу жарыс өтті. Күннің суықтығына қарамастан, ойында белсенділік танытқан футболшылар екі жарым сағат уақыттың қалай өтіп кеткенін де байқамай қалды. Нәтижесінде 1-орынды аудан әкімдігі жеңіп алса, 2-орынға полиция бөлімі, 3-орынға ауылдық округ әкімдері мен мектеп директорларының құрама командасы ие болды. Эстафета қорытындысы бойынша 1-орынды қанжығасына ақ халаттылар иеленсе, 2-орынға мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің, 3-орынға әлеуметтік саланың командалары орнықты. Жүлделі орын алған командалардың барлығы да салтанатты түрде мадақтамалармен марапатталды.