- Подробности
-
Категория: Все материалы сайта
-
Создано 07.03.2019 06:22
-
Автор: Балзина Атимтаева
-
Просмотров: 2617
Көпбалалы аналардың бірі – Үмбетиярова Айгүл Красносельский ауылында тұрады. 40 жасында төрт қыз, үш ұлдың анасы атанған алтын құрсақты ана барша қазақ әйелдеріне үлгі-өнеге. Балалардың арасында егіздер де, үшемдер де жоқ. Жас аралықтары жақын, үлкен қызы – 20 жаста, кішілері балабақша жасында. Бірақ Айгүл қанша бала болса да, қайнататының бір қазан дейді.
Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Үмбетиярова Айгүл ханымның жеті періштесі бар. Бүгінгі таңда Айгүл ханым балаларының болашағы үшін қолынан келген мүмкіндіктің бәрін жасауға тырысып жатырмын дейді. Отағасы Алданов Жанас мырза қазіргі таңда көпбалалы әке атанып отыр.
-Балаларымыз өміріміздің гүлі, мәні мен сәні,егер 1-2 бала мен шектеліп қалғанда, мүмкін - өмірімізде қазіргідей қызықты да, мәнді болмас па еді деп ойлап қоямыз,- дейді отағасы.
Отбасының тұла бойы тұңғышы Алданова Азиза Жанасқызы 1998 жылы дүниеге келген, қыздан кейін нардай ұлдары Алданов Сұлтанбек 2000 жылы, отбасының көз қуанышы Ғазиза атты сұлу қыз 2005 жылы, отбасының еркесі Тәубагүл 2007 жылы, Бектұрсын атты отбасының қуанышы 2009 жылы, Медғат атты көптен күткен ер жігіт 2015 жылы, және айдай сұлу Айжұлдыз есімді ару қызымыз 2017 жылы дүние есігін ашқан.
Айгүлдің айтуынша, ол Құдай қанша бала берсе, сонша баланы босанғысы келеді.
- "Иә, оңай емес. Бірақ мен барлығы жақсы болатынына сенемін. Әрбір бала үлкен бақыт қой", – деп сыр бөлісті көпбалалы ана. 7 баланы тәрбиелеу, сабағын оқытып, киіндіру үшін қосымша көмек қажет. Бірақ, Айгүл үй шаруасы мен бала тәрбиесін бір өзі дөңгелетіп отыр. Десе де, көпбалалы ана уақытын балаларына арнап, бала тәрбиесін басқа парыздан жоғары қойған және жұмысқа шықпағанына қынжылмайды да. Қазіргі таңда бала-шаға қамы үшін жұмысқа шығатын аналардың үй шаруасы мен жұмыстың екі ортасында сабылатыны үйреншікті жайтқа айналды.
-Ата-ана, алдымен, ата-аналық парызды, міндетті түсінгені абзал. Әр баланы дүниеге әкелген соң, ең бірінші, денсаулығына, білім алуына назар аударып, иманды, ізетті, адал, еңбекқор етіп тәрбиелеуге тиіспіз. Егер ата-ана өз парызын дұрыс орындаса, бала да перзенттік парызын мінсіз орындайды. Балаң сені ұятқа қалдырмасын десең, дұрыс ата-ана бол. Отағасы екеуміздің ұстанымымыз осы, – дейді байыпты ана.
Ананың мойнына жүктелген ауыр жүк – ана болу, ал көп баланың анасы болу нағыз ерлікке татиды. Көпбалалы ана атану - ол бір бақыт.